Қазақстанда «Музей түні» акциясы өтеді

Еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Музейлер түні» акциясы өтеді. Республикалық акция аясында ұлттық музейлердің арнайы бағдарламалары көпшілік назарына ұсынылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
18 мамыр күні Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде скрипкашы Назым Мұстафина гуманоид робот пен бионикалық робот-иттің қатысуымен өнер көрсетеді. Жоба өнер мен заманауи технологияны ұштастырып, тарихи-мәдени мұраны жаңа форматта танытуды көздейді.
Алматыдағы ҚР Ұлттық орталық музейінде қордағы жәдігерлерді сақтау мен толықтыру бағытына басымдық беріледі. «Музейге сый» акциясы аясында мәдениет, өнер, спорт және тарихқа қатысты құнды жәдігерлер музей қорына табысталады.
Акцияға музей-қорықтар да қатысады. Бағдарламада тарихи ескерткіштерге арналған түнгі бағыттар, театрландырылған қойылымдар, тарихи квестер және т.б. қамтылған.
Келушілер қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, ұлттық ойындарға қатысып, дәстүрлі тағамдардан дәм тата алады. Ашық аспан астындағы форматтар да жоспарланған.
Елдегі барлық музейге кіру тегін болады.



