Ел тынысы

Астанада лизинг нарығының жаңа даму бағыттары талқыланды

Астанада Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің қатысуымен II Қазақстандық «KAZLEASING – 2026: Лизингті трансформациялау: бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара барысында вице-министр «Тапсырыс беруші нені күтеді?» атты стратегиялық сессияда сөз сөйлеп, лизинг нарығын дамыту, бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту және мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін көтерді.

«Бүгінде лизинг – тек қаржылық құрал ғана емес, өнеркәсіпті жаңғыртып, кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды тетігіне айналды. Мемлекет өндірісті дамыту мен жаңарту ісіне инвестиция салуға жол ашатын ашық, бәсекеге қабілетті әрі заманауи нарық қалыптастыруға мүдделі», – деді Олжас Сапарбеков.

Конференцияға мемлекеттік органдардың, лизингтік компаниялардың, қаржы ұйымдарының, даму институттарының, техника мен жабдық өндірушілердің, сондай-ақ IT саласы өкілдерінің басын қосты. Іс-шара алаңы лизинг нарығындағы өзгерістер мен Қазақстан экономикасының жаңа даму мүмкіндіктерін талқылайтын кәсіби пікір алмасу алаңына айналды.

Іс-шара барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «KAZLEASING» қауымдастығының ұйымдастыруымен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында елдегі лизинг саласының дамуына айрықша үлес қосқан компаниялар мен сала мамандары марапатталды.

Конференция барысында лизингтің экономиканы жаңғыртудағы, инвестиция тартудағы және бизнестің заманауи қаржылық құралдарға қолжетімділігін арттырудағы рөліне ерекше мән берілді. Қатысушылардың пікірінше, бүгінде лизинг автобус пен ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың тиімді тетіктерінің біріне айналып, отандық өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне серпін беріп отыр.

Сонымен қатар жиында өндірістік қорларды жаңарту, цифрландыру мен автоматтандыруды дамыту, ESG қағидаттарын енгізу және мемлекеттік қолдау аясында алынған техниканы бақылау тетіктері жан-жақты қарастырылды. Сарапшылардың пікірінше, лизинг нарығының өркендеуі өнеркәсіпті жаңғыртуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға тікелей әсер етеді.

«KAZLEASING – 2026» конференциясы саланың даму бағытын айқындап қана қоймай, реттеу тетіктерін жетілдіру, нарықтағы бәсекелестікті арттыру және ел экономикасының тұрақты өсіміне серпін беретін жаңа бастамаларды іске асыруға жол ашуды көздейді.

Конференция мемлекет, бизнес және қаржы саласы өкілдерін бір алаңға тоғыстырған еліміздегі беделді салалық жиындардың бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button