Ел тынысы

ЖИ және жаңа ойлау мәдениеті

Жасанды интеллект қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Әсіресе мектептегі оқу үдерісінде ЖИді тиімді пайдалану – уақыт талабы. Бұл  бағыттағы  жұмыстар ҚР Президентінің тапсырмасы мен Жарлығына сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған бастамаеліміздің  адами  әлеуетін  дамытудағы  негізгі  элемент ретінде инновациялық  білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған Қазақстанның стратегиялық қадамы.

Математика пәнінің мұғалімі ретінде мен ЖИ оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білімді өмірмен байланыстыра оқытуға зор мүмкіндік береді деп есептеймін. Қазіргі оқушы – цифрлық дәуірдің баласы. Сондықтан дәстүрлі «мұғалім – тақта – бор» моделін заманауи технологиялармен толықтыру аса маңызды. Сабақ барысында ЖИ құралдарын пайдалану оқушылардың деңгейіне сәйкес тапсырмалар дайындауға, функционалдық сауаттылықты дамытуға, күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіруге мүмкіндік береді. Мысалы, математика сабақтарында ЖИ көмегімен практикалық бағыттағы есептер құрастырып, оқушылардың логикалық ойлауын және зерттеушілік дағдыларын дамытуға болады. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға бейімделген тапсырмалар әзірлеу де жеңілдей түседі. Бұл – инклюзивті білім беруді дамытудағы маңызды қадам.

Бүгінде менің оқушыларым жасанды интеллектіні пайдалана отырып, математика және STEAM бағытында  жобалар дайындап, түрлі байқауларға қатысуда. Мұндай жобалар оқушылардың тек білімін ғана емес, шығармашылық қабілеттерін, зерттеушілік ойлауын және өмірлік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Педагог ретінде мен жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу – тек  сабақта жаңа технологияларды қолдану ғана емес деп есептеймін. Бұл – оқушыны ойлауға, талдауға, зерттеуге және жылдам өзгеріп жатқан әлемде өмір сүруге бейімдейтін заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Сондықтан Президент Жарлығының мәнін дұрыс түсіну өте маңызды. Бұл – қазақстандық білім берудің болашағын айқындайтын және елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған стратегиялық шешім.

Дегенмен ЖИ мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, ол педагогтің сенімді көмекшісіне айналады. Ең басты құндылық – мұғалімнің жүрегі, тәрбиесі және балаға деген адамгершілік қарым-қатынасы болып қала береді. Жасанды интеллектіні сауатты әрі орынды пайдалану білім сапасын арттырып қана қоймай, оқушыларды болашақтың сын-қатерлеріне дайындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, болашақтың зертханасы. Ал жасанды интеллект – сол болашаққа бастайтын маңызды құралдардың бірі.

Октябрина Амангелдіқызы,
Астана қаласындағы №71 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі, «ҚР үздік педагогі – 2025» атағының иегері, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан мұғалімі – 2024» ұлттық сыйлығының ТОП-10 жүлдегері, Global Teacher Prize – 2024 жаһандық сыйлығының номинанты.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button