Астанада жол ережесін бұзушылармен күрес күшейтілді
Астанада күн сайын жол қозғалысы ережесін бұзудың 1,5 мыңнан астам дерегі тіркеледі. Оның ішінде көлікті тоқтату және тұраққа қою талаптарын бұзу жағдайлары да бар. Құқық бұзушыларды анықтау жұмысы туралы елорда мәслихатының депутаттарына «Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС-да көрсетілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Халық қалаулыларына 12 мобильді автоматтандырылған бағдарламалық кешеннің жұмысы көрсетілді. Олар күн сайын жол қозғалысы ережесін бұзудың 1,5 мыңнан астам дерегін тіркейді. Мұндай құқық бұзушылықтар қала логистикасына тікелей кері әсерін тигізеді.

Рұқсат етілмеген жерлерге қойылған көліктер көшелерде жүру жылдамдығын азайтып, жасанды кептелістердің негізгі себептерінің біріне айналады. Бұл көлік қозғалысын қиындатып, жол-көлік желісінің қалыпты жұмысына кедергі келтіреді. Ретсіз қойылған көліктер тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, нақты қауіп те төндіреді. Олар жаяу жүргіншілерді жолдың жүру бөлігіне шығуға мәжбүрлейді. Ең бастысы, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметтерінің жүру жолдарын жауып тастайды.

Осы тұрғыда цифрлық бақылау жолдардың тиімділігін сақтаудың маңызды құралы ретінде қарастырылып отыр. 2026 жылғы 25 сәуірден бері ережені өрескел бұзған жүргізушілердің заңсыз жерге қалдырылған 400-ден астам көлігі эвакуацияланған. Айта кетейік, Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының жұмысы қала көшелерінде жүру жылдамдығын, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.



