Сапалы білім беру ортасын қалыптастырудағы маңызды міндеттердің бірі

Қазіргі таңда білім беру саласын цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерінсіз елестету мүмкін емес. Мектеп басшысы ретінде оқушыларға заман талабына сай, XXI ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталған сапалы білім беру ортасын қалыптастырудағы маңызды міндеттердің бірі деп санаймын.
Мемлекет басшысының «ҚР-ның орта білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы еліміздің білім саласын инновациялық жүйелер арқылы дамытудағы маңызды қадам болып саналады.
«Келешек мектептері» жобасы аясында мектебіміз STEM-білім беру, робототехника, инженерлік ойлау және цифрлық құзыреттіліктерді дамыту бағытында заманауи білім беру шешімдерін белсенді енгізуде.
Бүгінде мектеп Ы. Алтынсарин академиясымен, сондай-ақ Google for Education, Roqed AI, Dana Tiin, Just EDU және Kepler Vision халықаралық және отандық білім беру платформаларымен бірлескен пилоттық жобаларды табысты жүзеге асыруда.
Мектепте STEM және робототехника бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, дрондарды басқару бағыты белсенді дамытылып, оқушыларға заманауи инженерлік және технологиялық салаларды меңгеруге мүмкіндік берілуде. Қазіргі уақытта мектепте екі заманауи білім беру кеңістігі апробациядан өтуде:
— көпсалалы AI-кабинет;
— STEM AI-кабинеті.
Аталған кабинеттер бірыңғай цифрлық экожүйеге:
— робототехникалық кешендерді;
— бағдарламалау және AI-платформаларды;
— цифрлық зертханаларды;
— VR/AR технологияларын;
— интерактивті панельдер мен графикалық планшеттерді;
— бұлтты сервистер мен аналитикалық жүйелерді біріктіреді.
Негізгі бағыттардың бірі — білім беру процесінде AI-аналитиканы қолдану.
Бейнеаналитика оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігін, қызығушылық деңгейін және оқу процесінің динамикасын талдауға мүмкіндік береді.
Аудиоаналитика сабақ барысындағы өзара әрекеттесу деңгейін, талқылауға қатысу белсенділігін және сыныптағы жұмыс атмосферасын бағалауға көмектеседі.
AI-жүйелер аналитикалық есептер қалыптастырып, проблемалық аймақтарды анықтауға және педагогтерге оқыту тиімділігін арттыру бойынша қосымша мүмкіндіктер ұсынады.
Барлық технологиялар тек білім беру және талдау мақсатында, құпиялылық пен цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып қолданылатынын атап өткен жөн.
AI-сервистердің жұмысын қамтамасыз ету үшін жоғары өнімді есептеу қуаттары мен бұлтты GPU-шешімдері пайдаланылады. Бұл үлкен көлемдегі деректермен, 3D-модельдеумен және заманауи цифрлық платформалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен заманауи технологияларды білім беру процесіне енгізу білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуына және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін.
Қазіргі мектеп — бұл әрбір оқушы үшін даму, технология және мүмкіндік кеңістігі.
Алма Жұмабекова,
Астана қаласы №101 жалпы орта мектебінің директоры



