Кибералаяқтық көбейіп тұр

Бас қалада интернет-алаяқтықты қоса алғанда, ақпарат технологиялары саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Anti-fraud» республикалық жедел-профилактика іс-шарасы өтті.
Оның нәтижесінде полиция қызметкерлері кибералаяқтыққа қатысы бар 48 адамды анықтап, жауапқа тартты. Олардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Жалпы алғанда, 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелді. Жәбірленушілерге 26 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар SIM-карталарды заңсыз тіркеумен айналысқан 4 тұлға ұсталды. Олардан қылмыстық схемаларда пайдаланылуы мүмкін 400-ден астам SIM-карта тәркіленді. Бұдан бөлек, 4 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы интернет-ресурс бұғатталды. Дропперлерге қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Антифрод-орталықпен бірлескен жұмыс нәтижесінде заңсыз әрекеттерге пайдаланылған 3 мыңнан астам банк шоты бұғатталды.
Профилактика жұмыстары аясында халықтың цифрлық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде полиция қызметкерлері оқу орындарында түсіндіру дәрісін оқып, азаматтарға алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндіруде.
Іс-шара барысында алаяқтардың азаматтардың атына 12 млн теңге көлемінде несие рәсімдеу әрекетінің жолы кесілді.
Полиция растау кодын айту, ақша аудару, несие рәсімдеу немесе өзге де қаржы операцияларын орындау туралы кез келген қоңыраулар мен хабарламалар алаяқтықтың негізгі белгілері екенін еске салады. Азаматтарды қырағылық танытуға және қаржыға қатысты қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.



