Колледж студенттері арасында әскери-патриоттық ойындар өтті
Астанада колледж студенттері арасында әскери-патриоттық ойындар ұйымдастырылды. Іс-шара жастардың дене дайындығын дамытуға, командалық рухты нығайтуға және патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оған 10-нан астам команда қатысып, жалпы қатысушылар саны 100-ден асты. Жарыс күні бойы студенттер түрлі пәндер бойынша жоғары дайындық деңгейін, күш-жігерін, төзімділігі мен ауызбіршілігін танытты. Ойындар бағдарламасына турникке тартылу, кір тасын көтеру, түрлі қашықтықтарға жүгіру, сондай-ақ автоматты уақытқа шашу және жинау сияқты әскери-қолданбалы дайындық элементтеріне негізделген өзге де сынақтар енді.
Жарыс тартысты әрі қарқынды деңгейде өтіп, әр команда үздік нәтиже көрсетуге тырысты. Қатысушылар тек физикалық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар жеңіске деген ерік-жігерін, өзара көмек пен жоғары жауапкершілікті көрсете білді.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер:
1-орын – Көлік және коммуникация жоғары колледжі;
2-орын – Менеджмент, бизнес және білім беру колледжі;
3-орын – Медициналық-техникалық колледж
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының №5573 әскери бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды. Әскери бөлім өкілдері жарыстың жекелеген кезеңдерін өткізуге атсалысып, қатысушылармен әскери дайындықтың практикалық дағдыларымен бөлісті.
«Сарыарқа ауданында әскери-патриоттық ойындарды өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналған және бұл жастарға патриоттық тәрбие беру жұмысының маңызды бөлігі болып саналады. Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың өз еліне деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру, әскери қызметке деген құрметін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау», – дейді Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллин.
Бұл ойындардың 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні қарсаңында өтуінің маңызы зор. Мұндай бастамалар жастардың Қарулы Күштер мен басқа да күш құрылымдарында қызмет етуге деген қызығушылығын арттыруға, әскери қызметтің оң имиджін қалыптастыруға және азаматтық қоғам мен әскери қызметшілер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.



