Басқарма басшысы пара шахматшыларды қабылдады
Биыл Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара шахматтан Азия чемпионаты өтті. Аталған жарыста елорда спортшылары тамаша өнер көрсетіп, Қазақстанның мерейін үстем етті. Осы орайда Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Алексеевич Азия чемпионатында сәтті өнер көрсеткен Бақытжан Майкенов пен Айғаным Қамбарованы арнайы қабылдады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу барысында Василий Левит спортшыларды жоғары нәтижелерімен құттықтап, олардың халықаралық аренадағы жетістігі еліміздегі параспорттың дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол алда Испанияда өтетін әлем чемпионатында спортшыларға сәттілік тілеп, олардың еңбегі әрдайым қолдау табатынын жеткізді.
Аталған Азия чемпионатында Бақытжан Майкенов классикалық шахмат, рапид және блиц бойынша қарсыластарының барлығын артта қалдырып, үш бірдей алтын медаль иеленіп, Азияның үш дүркін чемпионы атанды. Ал Айғаным Қамбарова рапид және блиц бағдарламаларында күміс жүлдеге, классикалық шахматта қола медальға қол жеткізді.



