Әлеумет

Архив саласының реформаторы еді

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, архив ісінің ардагері Рысты Халесқызы Сариеваның дүниеден өткеніне, міне, қырық күнге таяп қалды. 28 наурыз туған күні еді, өкінішке қарай, бұл мерейлі күнге жете алмады, жүрегі тоқтап, мәңгілік мекеніне аттанды. Сол күннен бастап ортамыз ойсырап, жүрегімізге орны толмас сағыныш қонып алды.

Ортамыз дейтініміз – архив ­саласы. Рысты Халесқызы тұ­тас ғұмырын елге қызмет етуге арнаған, ұлттың рухани қазынасын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға еді.

Тарихи Бөкей ордасының топырағында дүниеге келіп, ұлағатты ұстаздан мемлекетшіл тұлғаға дейін жүріп өткен жолын бағамдап қарасақ, еңбек жолын мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастағанымен, тағдыр оны үлкен мемлекеттік істерге жетеледі. Қима ауданында, Торғай облыстық атқару комитетінде, Орталық партия комитетінде, Қазақстан Президентінің аппаратында жауапты қызметтер атқарып, биік парасатымен және іскерлігімен дараланды. Қима демекші, сол жер – Рысты Халесқызының белін бекем будырып, биікке жетуіне жетелеген екінші ыстық отаны. Ол – Қима ауданының гүлденуіне орасан зор еңбек еткен жан. Қима жерінде бұл кісі жайында көптеген жақсы естелік айтылып жүреді. Тіпті көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлының «Қимадағы қимасым» деген керемет туындысының өзі Рекеңе арналғанын бәріміз мақтанышпен айта аламыз.

Рысты Халесқызы архив саласының реформаторы еді. Оның есімі еліміздегі архив ісінің тарихымен тығыз байланысты. Ұлттық архивті қалыптастыру жолындағы қажырлы еңбегі, тарихи жадымызды жаңғыртуға бағытталған игі бастамалары ел игілігіне айналған құнды мұрамызға айналды. Өзі басшы болған жылдары архив саласы жаңа тыныс алып, халық­аралық деңгейдегі байланыстар нығайып, ұлттық құндылықтарды сақтаудың берік іргесі қаланды.

Рысты Сариеваның есімі Қазақстанның архив ісі тарихында алтын әріппен жазылуы тиіс. 1997-2000 жылдары ҚР Орталық мемлекеттік архивін басқарып, содан кейінгі жылдары еліміздің архив саласының дамуына тікелей ықпал етті. Рысты Халесқызы 1998 жылы қабылданған «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» ҚР заңын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етті. Құжат саланың құқықтық іргетасын қалаған тарихи қадам болды. Бұл заң жобасын 1993 жылдары архив ісінің маңдайалды тұлғалары дайындап, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің қарауына ұсынған еді. Алайда заң жобасына толықтырулар енгізу қажеттілігі болған соң кері қайтарылған. 1995 жылы Жоғарғы Кеңес таратылып, орнына екі Палаталы Парламент келгеннен кейін бұл заң жобасы қайта ұсынылып, Рысты Халесқызының қажырлы тегеурінінің арқасында бекітіліп шықты.

Рысты Халесқызы Ас­тана төрінде бой көтерген Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ашылуына ұйытқы болып, оның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Көзі тірісінде бір айтқан естелігі әлі есімде. Сонау 2000 жылдардың басында Алатау баурайынан Арқа төсіне үлкен көшке ұласып архив те келген кез. Астанада ол кезде шағын ғана қалалық архив бар, оның құжат қабылдайтын мүмкіндігі аз. Ал орталық мемлекеттік органдардың құжатын қабылдайтын орын – Орталық мемлекеттік архив Алматы қаласында. Мемлекеттік сақтауға қабылданатын құжаттарды екі қала арасында тасымалдауға тура келген кез. Арнайы көлік жоқ, құжаттардың сақталуы мен қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Болашақты ойлаған Рысты Халесқызы тікелей ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа архив жайында хат жазып, Президент кеңсесіне барады. Ол кезде Президент кеңсесінің басшысы мемлекет және қоғам қайраткері Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков еді. Екеуі де Орталық партия комитетінде қызметтес болған әріптестер-тін. Махмұд Базарқұлұлы – архив және құжаттама ісінің маманы, сондықтан мұрағат саласына бей-жай қарамайтын жанашыр болғаны белгілі. Рысты Халесқызының келген жұмысын толық тыңдап: «Бәрін де түсіндім, қолдан келгенше көмек жасаймыз. Тек үш бетті қысқартып, бір бетке сыйдырып жазыңыз» деп өзінің көмекшісінің ­компьютерін беріпті. Осылайша бұл құжат Махмұд Қасымбековтің көмегімен Президенттің алдына түсіп, ал өз кезегінде Президент әлгі хатты сол кездегі Премьер-министр болған Нұрлан Балғымбаевқа жолдайды. Осылайша еліміздің бас қаласында сәулеті жарасқан, қазіргі таңда өзінің архитектура дизайнімен таңғалдыратын Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві бой көтерді. Еліміздегі архив саласының қос бірдей жанашыры Рысты Халесқызының бастауы және Махмұд Базарқұлұлының қолдауымен орталық мемлекеттік органдардың құжаттарын сақтау мәселесі осылайша шешілген екен.

Рысты Сариева Архив комитетін басқара жүріп, Халықаралық архивтер кеңесінің еуразия­лық өңірлік бөлімшесі ­(ЕВРАЗИКА) төрағасының орынбасары ретінде қазақ архивистерінің беделін әлемдік деңгейге көтерді. Тек басқарушы ғана емес, тарих ғылымдарының кандидаты ретінде 70-тен астам нормативтік-құқықтық құжаттар мен ғылыми еңбектердің авторы болды. «Құрмет» ордені мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы – оның ел алдындағы ақ адал еңбегінің лайықты бағасы.

Ол басқарған жылдары архив жай ғана қойма емес, ұлттың рухани қазынасы, тарихи ақиқаттың алтын діңгегіне айналды. Рысты Халесқызының «Архив – ел тарихының айнасы» деген ұстанымы бүгінгі жас мамандар үшін басты темірқазық болып қала бермек.

Ұлттың өткенін түгендеп, тарихын тасқа басқандай таңбалап қалдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиетті іс. Осы жолда саналы ғұмырының басым көпшілігін сарп етіп, еліміздің архив ісінің заманауи келбетін қалыптастырған біртуар тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Рысты Халесқызы Сариеваның есімі ел жадында мәңгі сақталмақ. Бір қараған адамға қаталдау болып көрінетін Рыс­ты Халесқызы тек білікті басшы ғана емес, шын мәнісінде, жүрегі кең, жаны нәзік, айналасына шапағатын төккен абзал жан еді. Оның парасаты мен кісілігі, жылы сөзі мен жанашырлығы әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Ал бейнесі болса – жүрегімізде, парасатты өмір жолы – жадымызда, ал ақыл-кеңесі өмірлік темірқазығы­мызға айналды.

Ол кісі қандай қызмет атқарса да, алдымен адамдық борышын жоғары қойған жан. Қай кезде де айналасына шуағын шашып, бәрімізге қамқор болған тұлға еді.

Рысты Халесқызының өмір жолы – бір кітапқа жүк боларлық тағылым. Ол кісі артына тәрбиелі ұрпақ, таза атын, қадірлі есімін қалдырды. Бүгінде Рысты Халесқызының тәрбиесін көрген шәкірттері сағынышпен еске ала отырып: «Біздің Рысты Халесқызы!» деп мақтанышпен айтып келеміз. Өзі тәрбие берген шәкірттері өсіп-өніп, қазіргі таңда еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп келеді. Бұл ұстаздың шын бақыты болса керек. Осы орайда Сайын Мұратбековтің «Кәментоғай» әңгімесіндегі Кәменнің өзі баптап өсірген ағаштарының орманға айналғанын көріп: «Менің тоғайымның бұтақтары ғой» деп айтатындай, маған ұстазымыз Рысты Халесқызының рухы бізді көріп, «менің шәкірттерім ғой» деп мейірлене қарап тұрғандай…

 Жангелді БИМОЛДИН,

Астана қаласы

Мемлекеттік архивінің

директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button