Қала мен сала

LRT ережелері талқыланды

Астанада жеңіл рельсті көлікті (LRT) іске қосу қарсаңында жолаушыларды тасымалдау ережелері Қоғамдық кеңес мүшелерінің талқысына ұсынылды. Жиында қала тұрғындарының жайлылығына тікелей әсер ететін құжаттың күнделікті қолданыстағы нормаларын келісу мәселесіне назар аударылды.

Аталмыш қағидалар жобасын Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин  таныстырды. Құжатта маршруттарды ұйымдастыру, жолақы төлеу жүйесі, жолаушылардың құқықтары мен міндеттері толық қамтылған. Дегенмен, отырыс барысында ең көп талқыланған тұстар күнделікті өмірге қатысты нормалар болды.

Ережеге сәйкес, тасымалдау­шы балаларға тегін жол жүру мәселесін өз бетінше шешуге құқылы. Ведомство өкілдері бұл бағытта алдағы уақытта оң шешім қабылдануы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Сондай-ақ үй жануарларын белгіленген талаптарды сақтай отырып тасымалдауға рұқсат етіледі. Ал жабайы жануарларды қоғамдық көлікпен алып жүруге тыйым салынады. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселеде нақты шектеулер мен түсінікті талаптардың болуы маңызды екенін атап өтті.

Маңызды бағыттардың бірі – төлем жүйесі. Әзірлеушілердің мәліметінше, болашақта LRT мен автобус бағыттарына арналған жол жүру карталарын бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарлануда. Бұл жолаушыларға көлік түріне қарамастан бір ғана төлем құралын пайдалануға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, жаңа ережелер тасымалдауды ұйымдас­тыру тәртібін, маршруттарды бекіту қағидаларын, төлем шарттарын, сондай-ақ барлық қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Құжат қолданыстағы заңнамаға сәйкес әзірленген және елордадағы жаңа көлік жүйесінің негізі болмақ.

Жиында бұдан бөлек кадр даярлау және тұрғын үй қорын жаңарту мәселелері де қаралды.

Күн тәртібінің ауқымды бөлігі білім беру саласына арналды. Білім басқармасы 2026-2030 жылдарға арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітуді жоспарлап отыр. Басқарма басшысы Қасымхан Сенғазыев бұл бастама елорда экономикасы мен әлеуметтік саланың сұранысына сай кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

Жиында қалалық орта мәселесі де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына өзгерістер енгізу, сондай-ақ бұрын қабылданған бірқатар қаулылардың күшін жою арқылы тұрғын үй қорын жаңғырту тәсілдері ұсынылуда. Бұған қоса жасыл желектерді отырғызу, күтіп-баптау және қорғау қағидаларын жетілдіру жоспарланып отыр.

Алда спорт саласында да өзгерістер болмақ. Атап айтқанда, 2018 жылы бекітілген басым спорт түрлерінің қолданыстағы тізбесін жою ұсынылуда.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button