Этносаралық диалогтың маңызды тетігі

Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту – мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттарының бірі. Осы тұрғыда этномәдени бірлестіктер этносаралық қатынастар саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін, мәдени әралуандықты сақтай отырып, ортақ азаматтық бірегейлікті қалыптастыратын маңызды қоғамдық институттар ретінде көрініс табады. Астана қаласы өзбек этномәдени орталығы – басқа да бірлестіктермен бірге осы үдерістің белсенді қатысушысы әрі практикалық деңгейдегі тиімді үлгісі.
Өзбек орталығы қызметін «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидаттарына негіздей отырып, қоғамдағы өзара құрмет, сенім және теңдік құндылықтарын жүйелі түрде ілгерілетуде. Бұл қағидаттар нақты жобалар мен қоғамдық бастамалар арқылы іске асырылып келеді.
Этномәдени орталықтың қызметінде ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім идеяларын насихаттайтын маңызды бағыттардың бірі – жалпыхалықтық және мемлекеттік маңызы бар мерекелерге белсенді қатысу. Әсіресе, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні этносаралық үйлесімділіктің символы ретінде ерекше мәнге ие. Бұл мереке аясында этномәдени бірлестіктер өздерінің мәдени мұрасын таныстырып қана қоймай, қоғамдағы өзара сыйластық пен татулықты нығайтудың жарқын үлгісін көрсетеді. Өзбек этномәдени орталығы да бұл іс-шараларға белсенді қатысып, мәдени көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық тағамдар фестивальдері арқылы халықтар арасындағы достықты дәріптейді.

Сонымен қатар Алғыс айту күні қоғамдағы ризашылық мәдениетін қалыптастыратын маңызды әлеуметтік-идеологиялық алаң ретінде ерекшеленеді. Бұл күні этномәдени бірлестіктер бір-біріне, мемлекетке және қоғамға деген алғысын білдіру арқылы өзара құрмет пен сенімді арттырады. Наурыз мейрамы болса, мәдени әралуандық пен ұлттық бірліктің табиғи үйлесімін айқындайтын мереке ретінде этностар арасындағы жақындастықты күшейтеді. Өзбек этномәдени орталығы ұйымдастыратын «Сумаляк» дәстүрі мен мәдени іс-шаралар жалпыұлттық мәдени кеңістіктің ажырамас бөлігіне айналған. Аталған іс-шараларға қатысу этномәдени бірлестіктер үшін тек мәдени өзін-өзі таныту ғана емес, бұл – қоғамдық келісімді нығайтудың, этносаралық диалогты дамытудың және азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды тетігі. Олар идеологиялық тұрғыдан «алуандылықтағы бірлік» қағидатын нақты мазмұнмен толықтырып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Этномәдени бірлестіктер мәдени ерекшелікті жалпыұлттық бірлікке қарсы қоймай, керісінше, олардың бірін-бірі толықтыруын аша отырып, қазақстандықтардың ортақ азаматтық бірегейлігін қалыптастыруға белсене қатысуы тиіс. Осы орайда барша қазақстандықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – біздің ортақ құндылықтарымыздың, өзара құрмет пен сенімнің, бейбітшілік пен келісімнің айқын көрінісі. Астана қаласы өзбек этномәдени орталығы атынан және өз атымнан баршаңызға зор денсаулық, амандық, бірлік пен береке тілеймін! Елімізде әрдайым татулық пен тұрақтылық салтанат құрып, ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасының дамуы мен өркендеуі жолындағы бірлігіміз нығая берсін!
Шерзод ПУЛАТОВ,
Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы



