Ел тынысы

1 мамыр: Астанада спорт фестивалінің жүгіру жарыстарына онлайн тіркеу ашылды

Астана қаласында 1 мамыр күні өтетін спорт фестиваліне қатысуға ниет білдірушілердің көп болуына байланысты ұйымдастырушылар бағдарламаға өзгерістер енгізді. Негізгі жаңашылдық ретінде жаппай жүгіру жарыстарына онлайн тіркеу ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Фестиваль Қазақстан халқының бірлігі күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елордадағы Триатлон паркінің жаңартылған жағалауында өтеді.

Маңызды жаңашылдықтардың бірі — қатысушылардың ресми сайт арқылы алдын ала тіркелу мүмкіндігі: reg.elordasport.kz. Білезіктер мен лотерея билеттерін тарату 30 сәуір күні 09:00–21:00 аралығында үзіліссіз Триатлон-паркте жүзеге асырылады. Қатысушыларға жарыс күні кезектің алдын алу мақсатында старттық материалдарды алдын ала алуға кеңес беріледі.

Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, онлайн тіркеу ашу туралы шешім тұрғындар тарапынан жоғары қызығушылық пен өтінімдердің көп түсуіне байланысты қабылданған.

«Тұрғындар тарапынан үлкен қызығушылық пен көптеген өтінімдердің түсуіне, сондай-ақ мерекелік күнді ескере отырып, жүгіру жарыстары мен турнирлерге қатысушыларды онлайн тіркеу ұйымдастырылды. Онлайн тіркеу тәулік бойы ашық, қатысушылар алдын ала өтінім беріп, өздеріне ыңғайлы дистанцияны таңдай алады.

Жүгіру жарыстарына қатысу тегін болып табылады, алайда орын саны шектеулі. Жалпы қатысушылар саны 1600 адаммен шектеледі. Лимит толған жағдайда тіркеу автоматты түрде жабылады.

5 шақырымдық қашықтыққа 10 жастан асқан қатысушылар жіберіледі, ал 400 метрлік балалар жарысына 6–10 жас аралығындағы балалар қатыса алады», — деді Ержігіт Өсербай.

Жарыстар кестесі

Жүгіру жарыстары кезең-кезеңімен өтеді:
• 09:00 — 5 км жүгіру;
• 09:05 — 2,5 км скандинавиялық жүріс;
• 10:30 — 400 метрлік балалар жарысы.

Барлық жүгіру сайыстары Триатлон паркінің («Music Hall Astana» жағынан) ішіндегі футбол алаңында өтеді.

Фестиваль бағдарламасына қосымша спорттық белсенділіктер, командалық турнирлер, жеке жарыстар және әртүрлі спорт түрлері бойынша ашық жаттығулар енгізілді.

Қала тұрғындары мен қонақтары йога, street workout сабақтарына тегін қатысып, сондай-ақ Василий Тахтай командасымен және жетекші фитнес-клубтардың кәсіби жаттықтырушыларымен бірлескен жекпе-жек өнері көрсетілімдерін тамашалай алады. Белсенділік сағат 11:00-де Триатлон-парк көпірі астындағы алаңда басталады.

Сондай-ақ 1 мамыр күні 11:00-де командалық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді: ересектер арасында волейбол, 13–14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында мини-футбол және 15–17 жас аралығындағы қатысушылар арасында 5х5 баскетбол. Әр санат бойынша 8 командаға дейін қатыса алады. Тіркеу 09:00–20:00 аралығында 8 707 977 99 70 телефоны арқылы жүргізіледі (ұйымдастырушы — Ризабек).

Сол күні жеке күштік спорт түрлері бойынша жарыстар да ұйымдастырылады. Тіркеу жарыс күні сағат 10:30-дан бастап жүргізіледі. Қатысушылар гир спорты, армрестлинг, жатып сығымдау, брусьяда жаттығу, турникке тартылу және уақытқа салмақ ұстау бойынша бақ сынай алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты — бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындарды белсенді демалысқа тарту.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы ауданы әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен өткізіледі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button