Туризмді дамыту бағытындағы кешенді шаралар
Елордада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау және туризмді дамыту бағытында кешенді шаралар жүзеге асып келеді. Ұсынылған деректер қалалық қызметтердің жүйелі жұмысын және негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсімін көрсетеді. Бұл туралы Астана коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев, «Astana Tourism» Туризмді дамыту орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Саят Құсайынов, «Astana» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ділмұрат Иминов баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру
Елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі әрі жедел шаралар қабылдануда. Жалпы көлемі шамамен 24 мың тонна өнімді жеткізуге келісімшарттар жасалып, 190-нан астам сауда нүктесі арқылы сатылуда. Сауда желілерімен сауда үстемесін 10%-дан асырмау туралы келісімдер жасалды, бұл бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Қабылданған шаралар оң нәтижесін берген: 2024 жылы дефляция деңгейі — 98,9%, 2025 жылы инфляция — 107,4%.
2026 жылдың басынан бері Астанада баға индексі 101,1% деңгейінде қалыптасты, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен.
Нарықтың ашықтығы мен бақылау
Өңірлік комиссия делдалдық схемаларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2026 жылдың басынан бері 32 отырыс өтіп, сауда үстемесін негізсіз арттырудың 80-нен астам фактісі тіркелген.
Күн сайын баға мониторингі жүргізіліп, жеткізушілердің келісімшарт талаптарын орындауы бақылауда ұсталады.
Агроөнеркәсіп кешені мен логистиканы дамыту да маңызды бағыттардың бірі. Жол картасы аясында жалпы сомасы 180 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар 40 млрд теңгеден астам инвестициямен аграрлық-индустриялық аймақ және 150 млрд теңгеден асатын логистикалық парк құру жоспарлануда.
«Заң мен тәртіп» қағидаты
Сауда саласындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету — қалалық саясаттың маңызды бөлігі. Сауда орындары мен сауда ойын-сауық орталықтарында тұрақты тексерістер жүргізіліп, санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі және салық заңнамасының сақталуына ерекше назар аударылады. 2026 жылдың басынан бері 15 заңсыз сауда нысаны бұзылды (2025 жылы — 225).
Металл сынықтарының заңсыз айналымына қарсы күрес жұмыстары жалғасуда. 2024 жылдан бастап бұл салада міндетті лицензиялау енгізілген. Жалпы алғанда, Астанада жүргізіліп жатқан кешенді жұмыс экономиканың және әлеуметтік саланың негізгі бағыттарын қамтып, тұрақты дамуына оң әсерін береді.
Туристік ағынның тұрақты өсуі
Соңғы үш жылда Астанада туризм саласында тұрақты өсім байқалады. 2025 жылы қалаға 1 604 825 адам келген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Оның ішінде, 380 301 шетелдік турист, 1 224 524 ішкі турист. Салыстыру үшін, 2024 жыл — 1 493 207 турист (+13%), 2023 жыл — 1 324 047 турист (+12%) болған. Келушілердің 69%-ы демалу, іс-шараларға қатысу және сауда жасау мақсатында келеді, ал 31%-ы іскерлік сапарлар.
Негізгі туристер келетін елдер қатарына Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ жатады. Ең жоғары өсім Қытай (+28%) және Ресей (+15%) туристері арасында байқалды.
Экономикалық әсер және инвестициялар
Туризмнің дамуы қала экономикасына тікелей әсер етеді. 2025 жылы орналастыру қызметтерінің көлемі 74 млрд теңгеге жетіп, 14%-ға өсті. Салаға салынған инвестициялар 75%-ға артып, 438,3 млрд теңгені құрады. Бір туристің орташа шығыны тәулігіне 118 мың теңге, бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Медициналық және іскерлік туризм
Медициналық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы шетелдік мамандар үшін ақпараттық турлар ұйымдастырылып, халықаралық көрмелерге, соның ішінде ITB Berlin көрмесіне қатысу жоспарланған.
Іскерлік туризм де маңызды бағыт. Astana Eurasian Book Fair және RES 2026 EXPO экологиялық саммиті сияқты халықаралық іс-шаралар ондаған мың қатысушыны қатысты.
Оқиғалық туризм — даму драйвері
Астанада оқиғалық туризмді дамытуға ерекше назар аударылуда. «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы елорданың туристік әлеуетін ілгерілету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.Соңғы жылдары қала Орталық Азиядағы ірі халықаралық іс-шаралар өткізетін жетекші алаңға айналды. Мысалы, Comic Con Astana фестиваліне 70 мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде 10 мыңға жуығы шетелдіктер. Экономикалық әсері шамамен 3,5 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, Jennifer Lopez, Backstreet Boys сияқты әлемдік жұлдыздардың концерттері және EXPO алаңындағы халықаралық көрмелер туристер ағынын арттырды.
2026 жылы 1000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың қатарында PGL Astana киберспорт турнирі, «Болашақ ойындары», Solana Fest, Cirque du Soleil гастрольдері, Enrique Iglesias концерті бар.
Қазірдің өзінде халықаралық қызығушылық жоғары. Мысалы, Solana Fest фестиваліне 12 мыңнан астам билетті шетел азаматтары сатып алған. Бұл Астананың жаһандық деңгейдегі тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.



