Маңызды мәселелер қаралды

Елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтың қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қалалық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі қоғамдық көлікті жаңарту болды. Қала тұрғындары мен депутаттар корпусынан түскен өтініштерге сәйкес, көп жылдар бойы пайдаланған автобустарды кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарлануда. Ескірген жылжымалы құрам қазіргі заман талаптарына сай келмейді, жолаушылар үшін қолайсыз әрі қаланың экологиясына кері әсерін тигізеді.
Күн тәртібі аясында сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тасымалдар тізбесі бекітілді. Бұл тізбе маршруттық желіні дамытуға, тасымалдаушылардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, тұрғындардың нақты қажеттіліктері мен қолданыстағы көлік схемасын ескере отырып, бес жаңа маршрут енгізілді.
Авиациялық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Депутаттар әуежайды «дайын күйде тапсыру» қағидаты бойынша жаңғырту жобаларын қолдады. Қазіргі уақытта «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының Т2 терминалына түсетін жүктеме оның жобалық қуатынан едәуір асып отыр, бұл қайта жаңғыртуды қажет әрі өзекті етеді.
«Дайын күйде тапсыру» форматында іске асыру жобаны жеделдетуге, мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуге және әуежай инфрақұрылымын жаңғырту тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.



