Елордалық зейнеткерлер жалпықалалық сенбілікке шықты

Байқоңыр ауданының зейнеткерлері 25 сәуірде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қолдау көрсетті. Елордалық зейнеткерлер мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұжымы тазалық шарасы аясында қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға атсалысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Атап айтқанда, қатысушылар аумақтарды тазалау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық орындарды ретке келтіріп, қоқыс жинады.
«Ататүрік» саябағында өткен жалпықалалық сенбілікке 40-қа жуық зейнеткер қатысып, орталық қызметкерлерімен бірлесе отырып 300 түп ағаш отырғызды.
– «Бүгін Орталық зейнеткерлері саябақта алма ағаштарын отырғызды. Аға буын өкілдері тазалық жұмыстарына белсене қатысу арқылы жастарға үлгі көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Орталықтың барлық аудандарындағы зейнеткерлер сенбілікке шығып, Астанамызды көркейтуге өз үлестерін қосуда», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров.
Таза ауада еңбек еткен зейнеткерлер көтеріңкі көңіл-күймен үйлеріне тарқасты.



