Дарынды оқушылардың «Сәулелі көлеңке» қалалық байқауы өтті
«Астана дарыны» орталығы Ұлттық кітап күніне орай 5-7 сынып оқушылары арасында II қалалық «Сәулелі көлеңке» байқауы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл күн – кітаптың адамзат мәдениетіндегі ерекше орнын айқындайтын маңызды мереке. Қандай технология дамыса да, кітап ойлау мәдениетін қалыптастыратын, рухани тереңдікке жетелейтін басты құндылық болып қала береді. Бүгінгі таңда жастардың кітапқа қайта бет бұруы – қоғам үшін маңызды әрі оң үрдіс. Оқу мәдениеті – тек дағды емес, жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілетті тұлғаның негізгі шарты болып отыр.
«Сәулелі көлеңке» байқауы оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуға, әдеби шығармаларды терең түсініп, сахналық форматта жеткізуге бағытталған бірегей алаң болып саналады. Байқаудың мақсаты – өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді қолдау, лингвистикалық және коммуникациялық дағдыларды дамыту, сондай-ақ мәдени өзара түсіністікті нығайту.
Қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын сахналық қойылым арқылы ұсынды.
Дарынды балалармен жұмыс – ең алдымен оқитын, ойлайтын және талдайтын ұрпақ қалыптастыруға бағытталды. Ал кітап – осы үдерістің басты құралы.



