Білім

Кітап оқу қоғамды алға сүйрейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кітап салтанаты жыл сайын 23 сәуірде аталып өтеді. Таяуда кітапханашылардың кәсіби мерекесі де осы күнге қойылды, яғни бұдан былай қатар аталады.

Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Ұлттық кітап күніне арналған іс-шараларды бастап кетті. Қазір елордада қалалық 25 кітапхана болса, соның барлығында әртүрлі жиындар мен кездесулер өтіп жатыр. Соның алғашқысы Орталық балалар мен жасөспірімдер кітап­ханасында ұйымдастырылды. Жастар сарайы мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі өткізген осы іс-шарада «М-АРТ» театр студиясы әдеби шығармаларды иммерсивті ­театр жанрында жандандырды. Бұл жас көрермендерге қатты ұнап, оларды ерекше қуанышқа бөледі.

Бас қаладағы №8 көпшілік кітапханада Ұлттық кітап күніне орай өткен «Book Day: оқы, ойлан, бөліс» атты әдеби-танымдық іс-шара ашық диалог алаңы форматында ұйымдастырылды. Осы кітапхана меңгерушісі Жанна Айдарбекованың айтуынша, іс-шараның мақсаты – жастардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, өскелең ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және оқырмандар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаң құру.

Ал №6 көпшілік кітапханада «Кітап достарды табыстырады» атауымен ашық есік күні ұйымдастырылды. Кітапхана оқырмандары күні бойы осы кітап ордасының тынысымен танысып, арнайы ұйымдастырылған экскурсияға қатысты. Кітап көрмесі ұсынылып, жұрт жаңа әдебиеттермен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар қатысушылар интеллектуалдық ойындарға қатысып, кітап жайында ­өзара пікір алмасып, әсерлерімен бөлісті.

№10 көпшілік кітапхана «Мен оқыған қазақша кітап» айдарымен оқырмандар арасында ерекше челлендж бастады.

Ең үлкен іс-шара бүгін Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында ұйымдастырылады. «Кітап – білім көзі, кітапханашы – оның тірегі» атауымен өтетін мәдени-танымдық кештің ауқымы кең. Ол кітап оқу мәде­ниетін дамыту, қоғамда кітаптың рөлін арттыру, сондай-ақ кітапханалардың заманауи ақпараттық-мәдени орталық ретіндегі маңызын кеңінен насихаттау мақсатында өтеді. Бұл – рухани құндылықтарды дәріптеуге, кітап оқу мәдениетін жаңғыртуға және қоғамдағы зияткерлік әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды мәдени бас­тамалардың бірі. Бағдарлама мазмұнды әрі көпқырлы форматта жоспарланған. Атап айт­қанда, ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына отандық және әлемдік әдебиеттің жаңа басылымдары мен сирек кітаптар, мерей­тойы биылға түсіп тұрған қаламгерлердің шығармалары ұсынылады. Көрмеге қойылатын кітаптар саны 300 данадан асады. Іс-шараның негізгі бөлігі – үздік оқырмандарды салтанатты марапаттау рәсімі. Бұл бастама кітап оқуға қызығушылықты арттыруға және белсенді оқырмандарды ынталандыруға бағытталған. Жеңімпаздар «Жылдың үздік оқырманы», «Ең үздік бала оқыр­ман», «Кітапқұмар студент», «Үздік отбасылық оқырман», «Креативті оқырман», «Кітапхана жанашыры» аталымдары бо­йынша анықталады.

Тағы бір атап өтерлігі, елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы қолға алынды. Бұл – халық арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және талдамалық ойлауды дамытуға, сондай-ақ кітапты барлық жас және әлеу­меттік топтар арасында білім көзі ретінде танымал етуге бағытталған ауқымды зият­керлік-ағартушылық бастама. Жоба еліміздің рухани жаңаруы мен зияткерлік даму стратегиясының құрамдас бөлігі ел Президентінің «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы шеңберінде іске асып жатыр. Жобаның алты бағыты негізгі жас және әлеуметтік топтарды қамтиды. Оқушылар «Кітап оқитын мектеп» бағыты арқылы қатысады. Мұнда 6-10-сынып оқушылары оқыған кітаптары негізінде викториналарда жарысады. Колледж және ЖОО студенттері «Кітап оқитын колледж» және «Кітап оқитын университет» бағыттары арқылы тартылады. Бұл бағыттарда пікірталастар ұйымдастырылады. Педагогтар «Кітап оқитын педагог» бағыты аясында командалық интеллектуалдық квиздерге қатысады. Отбасылар «Кітап оқитын әулет» бағыты арқылы қатысып, түрлі квиздерде бақ сынайды. Мемлекеттік қызметшілер «Кітап оқитын мемлекеттік қыз­метші» бағыты бойынша квиздерде жарысады. Әрбір санат үшін 15 шығармадан тұратын арнайы тізімдер жасақталған. Бұл тізімдерде қазақ классикасы мен әлемдік бестселлерлер үйлесімді түрде қамтылған. Жобаны одан әрі дамыту мақсатында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жанынан қамқоршылық кеңесі құрылды. Байқаудың финалдық кезеңі осы сәуір айында өтеді. Қорытындысында өңірлердің үздік оқырмандары анықталады. Ал алдағы мамыр айынан бастап жоба республикалық деңгейге шығады. Оған 1 миллионнан астам қазақстандық қатысады деп күтілуде.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button