Ардагер спортшылар жеңісі

Астанада волейболдан ардагерлер арасында VIII республикалық турнир өтті. Аталған жарыс Қазақстан Республикасы Ардагерлер волейболы федерациясының вице-президенті, «Сарыарқа» волейбол клубының президенті Ерсұлтан Бектұрғановтың бастамасымен ұйымдастырылды.
50 жас пен 70 аралығында жарыс алғаш рет өткізіліп отыр. Додаға еліміздің әр өңірінен келген 37 команда қатысып, 300-ден астам ардагер спортшы бақ сынады. Турнирдің басты мақсаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, жастарды спортқа баулу және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру көзделді. Ауқымды спорт шарасы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында салтанатты түрде ашылып, кейін қаладағы бірнеше спорт кешендерінде жалғасын тапты. Ашылу рәсімінде ҚР Ардагерлер волейболы федерациясының президенті Әсет Әділхан қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.
– Турнир барысында көрермендер назарына ерекше спорттық шоу ұсынылып, ұлттық спорт дәстүрі мен күш өнері насихатталды. Халықаралық деңгейдегі мәртебелі қонақтар да жарысқа жоғары баға берді. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары Сергей Тетюхин мен Дмитрий Ильиных бар. Жарыс барысында командалар тартысты ойын көрсетіп, ардагер спортшылардың жоғары дайындық деңгейі мен спортқа деген адалдығы жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленді. Қорытындысында жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды, – деді ол.
Бұл турнир тек спорттық бәсеке ғана емес, әр өңірден келген ардагерлердің басын қосқан достық пен бірліктің алаңына айналды. Жалпы, елордадағы ардагерлер волейболының тарихы 1997 жылдан бастау алады. Сол кезеңде бұл спорт түрінің дамуына бірқатар жанашыр азаматтар үлкен үлес қосты. Бүгінде сол дәстүр жалғасып, «Сарыарқа» волейбол клубы түрлі буын спортшыларын біріктіріп келеді.
Қазіргі таңда клуб құрамында 17 жастан бастап 70 жастан асқан ойыншылар өнер көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда. Бұл бастама елімізде бұқаралық спортты дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатпен үндесіп жатыр. Ардагерлер турнирі – тек жарыс емес, ол өмірге деген құштарлықтың, белсенділіктің және жастарға үлгі болатын рухтың жарқын көрінісі.
Айта кету керек, тартысты додада елордалық «Астана-70+» командасы өз санатында топ жарып, бірінші орынды иеленді.



