Қазынамыздың қазанын жалаған ит
2026 жылдың 8 сәуірінде ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына енгізілетін түзетулерді қабылдады. Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және жануарларға ізгілікпен қарауға бағытталған. Яғни, қолданыстағы заң бойынша итті ұстап алып, стерилизациялап, вакцинациялап, күтіп-баптап, төбетін піштіріп, қаншығының жатырын алып тастап қайтадан босатып жібереді. Жаңа заң бойынша бұралқы итті ұстап алғасын 5 күннің ішінде иесі табылмаса, эвтаназиялық жолмен жояды. Бұл қоғамда қызу талқыланды. Бір топ жануарларға қатыгездік деп бағаласа, енді бір топ мұны дұрыс шешім деп қабылдады. Мейлі, қалай болмасын иесі бақпаған бұралқы итке мемлекеттің қазынасынан ақша бөліп бағу ақылға қонбайтыны анық.
«Халықты жануарлардан келетін қауіптен қорғау үшін бюджеттен 2025 жылы 3 миллиард 19 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал биыл бұл шығын 3 миллиард 215 миллион теңгеден асты. Жылдың алғашқы үш айында оның 163 миллион теңгесі игеріліп те қойды» дейді ҚР Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нартай Сәрсенғалиев.
Сонда шынымен де халқымыздың әлеуметтік жағдайынан бұрын қаңғыбас жануарларға кететін шығын әлдеқайда жоғары болғаны ма деп таңғалып отырсаңыз, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Нұргүл Таудың пікірін оқып тіпті есіңізді жия алмайсыз.
«Ресми деректерге сәйкес, бір итті стерилизациялау құны – 24 010 теңге, кастрациялау –
17 244 теңге, вакцинациялау – 7 713 теңге, ал эвтаназия – 11 571 теңге. Иттерді тәуліктік күтіп-бағу құны 5 885 теңгені құрайды. Осылайша, бір итке жұмсалатын жалпы шығын орта есеппен 74 мың теңгеге жетеді. Мысықтар бойынша да осыған ұқсас: бір мысыққа кететін жалпы шығын шамамен 57 мың теңгені құрайды. Енді осы сандарды әлеуметтік саладағы нақты көрсеткіштермен салыстырып көрейік. 2026 жылы көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері: төрт баласы бар отбасыға айына – 69 330 теңге, бес балалы отбасыға 86 673 теңге төленеді. Ал сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға әр балаға шамамен 17 000 теңгеден беріледі. Осылайша, бір жануарға бір реттік немесе қысқа мерзімді кезеңде 57 мыңнан 74 мың теңгеге дейін қаражат жұмсай отырып, әрбір балаға ай сайын небәрі шамамен 17 мың теңге көлемінде шектеліп отырмыз. Бұл – жай ғана сандар айырмашылығы емес, нақты статистика. Бұған қоса, мектептерде балаларды сапалы тамақпен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бір баланы тамақтандыруға күніне небәрі 460-780 теңге аралығында қаражат бөлінеді. Мұндай жағдайлар демографиялық саясатқа да, адами капитал сапасына да тікелей әсер етеді» дейді депутат.
Сонда осы уақытқа дейін қазақтың әлеуметтік қажеттілігіне толық жетпей жатқан қаражат қаңғыбас иттерге жұмсалып келгені ме? Қанша айтқанмен де оның есебі болу керек қой. Өйткені бұл қаржы – мемлекетке аспаннан түскен ақша емес, бұл – сіз бен біздің маңдай термен төлеген салығымыздан жиналған қаражат емес пе еді? Егер заңға өзгеріс енгізілмегенде, сол миллиардтар тағы да итке жұмсала берер ме еді?
«Жылына 50 мың адамды ит қабады… кісі өлімі де болады. 10 жылда ит қабудан құтыру кеселін жұқтырған 25 адам қайтыс болған. Мектептегі баланың тамағына күніне 500 теңге бөлінсе, әр иттің бір күніне 5500 теңге, яғни 11 есе көп төленеді… Сонда бір итке күн сайын 5500 теңгедей төленсе, одан бөлек әр итке айына кемінде 18 мың теңгедей тағы бөлінеді. Сонда 1 итке айына шамамен 183 мың теңге төлейді. Оны 500 итке көбейтсеңіз, ай сайын 91 миллион 500 мың теңге болады. Ал бұл миллиондарды жылына 12 айға көбейтсеңіз, алапат қаржы
1 млрд 98 млн теңге шығады.
Ғылыми зерттеулер бойынша: – Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 64 000-ға жуық адамды ит қабады.
Өйткені 2010-2015 жылдары 5 жылдың ішінде жалпы 388 807 адамды ит қауыпты!?. Оның ішінде 95 185-і – балалар, 2015-2024 жылдары ит қабудан құтыру кеселіне байланысты 25 адам қайтыс болған. 2023-2024 жылдары ит шабуылынан кемінде 2 адам қайтыс болған. 2023 жылдың алғашқы 6 айында 3 бала қайтыс болған.
Әкімдіктердің мәліметтері бойынша, адамдарды жаралау оқиғаларының 65%-ы – қаңғыбас иттердің шабуылы. Соған сәйкес ит қауып, жараланғандар саны да көбейіп кеткен. Ит қапқаннан құтырма ауруына шалынғандардың қайтыс болып жатқандарын да жоғарыда айттық. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде 10 жылға созылған Ауған соғысында қазақстандықтардан жараланғандар 1 мыңдай болса, қазір ит қауып, жараланғандар саны біздің елде 10 жыл емес, бір жылдың өзінде 64 есе көп» дейді ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Жарылқасынұлы.
Ресми деректер бойынша елімізде 2022 жылы 247 мың ит ұсталыпты. Бұдан да сорақысы Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы бұралқы иттердің адамдарды қапқан жағдайы 22 мың рет тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш бір жылдың ішінде екі еседен де көбейіп, жараланғандар саны 50 мыңға жеткен! Мысалы, Түркістан облысының өзінде 2023 жылы 51 794 иесіз ит ұсталса, 2022 жылы Шымкент қаласында 40 мың иесіз ит ұсталған. Жылына ит қапқан адамдар саны 4 мыңнан асып кеткен. Ал жеке панажайға Астанада 4 жылда 400 млн теңге ақша бөлінген.
Қазақ итті жеті қазынаның біріне балағаны рас. Бірақ сол жеті қазынаның бірі – кез келген ит емес, қазақтың тазысы еді ғой. Яғни халқымыз итті қастерлегенде оның қасиетін, пайдасын, тегін бағалаған. Алайда «қазынам» екен деп, қазанын жалатып, адамнан артық жағдай жасап көрген емес. Сондықтан бүгінгі ит мәселесінде асыраушы ит пен қаңғыбас иттің ара-жігін ажырата білу өте маңызды сияқты бізше де.
Әрине, жануарларға жауығып, оларды жаппай қыру керек деген көзқарасты қолдауға болмайды. Бұл адамгершілікке де, өркениетті қоғам қағидатына да жат. Бірақ қазір қоғамда басқа бір шектен шығу байқалады: айналамызда ит жетектеген адамдар көбейді, алайда олардың бәрі ит ұстау мәдениетін сақтап жүр деу қиын. Кейбірі қандай ит асырап жүргенін де, оны қалай күту керегін де ескермейді. Егер ұлттық құндылықтың белгісіндей тазы ұстаса, бірсәрі. Ал кейбіреулер бұралқы иттерді асырап алып, оларды адамдар көп жүретін аулаларда, балалар ойнайтын алаңдарда серуендетеді. Мұндай кезде санитарлық талаптар да, айналадағы адамдардың жайлылығы да ескерілмейды. Ит серуендеген жерге балалар ойнап жүреді, тұрғындар жүреді. Сондықтан қоғамдық ортақ кеңістікті жеке біреудің жануарын еркін серуендететін алаңына айналдыру дұрыс емес. Сондықтан ит асырайтын адамдарға да белгілі бір талап пен шектеу болуы керек. Ит ұстау – жеке еркіндік болғанымен, ол қоғамдық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Бір-екі адамның итке әуестігі үшін бүкіл қоғам сол иттің жағдайына бейімделуге міндетті емес қой. Сондықтан жануарға жанашыр болу мен адам мүддесін екінші орынға ысыру екі бөлек нәрсе екенін ұғынған абзал.
Шапағат ӘБДІР



