Астанада PRO.NRG FEST 2026 фестивалі бесінші рет өтті

Астанада PRO.NRG FEST 2026 бесінші отбасылық ғылыми-көпшілік фестивалі өтті. Биыл іс-шара қатысушылардың рекордтық деңгейіне жетті, яғни 10 мыңнан астам адамды, оның ішінде мектеп оқушыларын, педагогтерді, ата-аналарды, ғалымдарды, сондай-ақ бизнес пен коммерциялық емес сектордың өкілдерін жинады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мерейтойлық іс-шара Ғылым күні мен Космонавтика күні қарсаңында өтті. Фестивальдің негізгі тақырыбы су болды, ал Flow of Science («Ғылым ағыны») тұжырымдамасы ғылымды, технологиялар мен өнерді қазіргі заманның басты сын-тегеуріндерінің бірі – су ресурстарын сақтау төңірегінде біріктірді.

Зарина Биюмбаева, Caravan of Knowledge қорының құрылтайшысы:
«PRO.NRG FEST – бұл жай ғана фестиваль емес, бұл білім қозғалысқа айналатын кеңістік. Осы жылғы тақырыптың негізінде ағын идеясы жатыр: су сияқты білім тоқтамауға тиіс – ол идеядан экспериментке, эксперименттен өмірдегі шынайы өзгерістерге өтуге тиіс. «Шеврон» компаниясымен серіктестікте біз бала – зерттеушіге, мұғалім – жаңа практикалардың иегеріне, ал ата-ана білім, ғылым, бизнес және қоғам біртұтас экожүйеге бірігетін болашаққа бірлесіп қатысушыға айналатын ортаны құрамыз. Біз үшін ғылымның сынып шегінен тыс шығып, өмірдің бір бөлігіне айналуы маңызды, өйткені елді өзгерте алатын ойлау мәдениеті дәл осылай қалыптасады».

Дерек Магнесс, «Шеврон Еуразия» президенті:
«PRO.NRG FEST – бұл ғылымды сезінуге болатын, жаңа идеялар мен көзқарастар пайда болатын кеңістік. Бүгінде біз қарқынды – технологиялық, экологиялық және әлеуметтік өзгерістер әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда әуесқойлық біз келесі ұрпақта дамыта алатын ең құнды дағдылардың біріне айналады. Ол оқыту қызықтырып, сұрақтар көтермеленетін және қателер процестің табиғи бір бөлігі ретінде қабылданатын жерде пайда болады. PRO.NRG FEST тәжірибе, өзара іс-қимыл жасау және жаңалықтар арқылы оқыту деген дәл осы философияны ұстанады. Мектеп оқушыларына зерттеуден және үйреншікті нәрселерге күмәнмен қараудан қорықпауды тілегім келеді. Ал педагогтерге, серіктестер мен фестивальдің ұйымдастырушыларына білім шынайы өмірде қолданыс табатын ортаны құрғаны үшін шынайы алғыс білдіремін. Сіздердің жұмыстарыңыз білім – бұл емтиханға дайындық қана емес, сонымен қатар, өмірге де дайындық екенін есімізге салады».
PRO.NRG FEST негізгі акценттерінің бірі өскелең ұрпақтың ғылыми ойлауы мен экологиялық мәдениетін дамыту болып қала бермек.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов атап өткендей: «Мемлекет басшысы алдымызға озық ойлы ұлт қалыптастыру міндетін қойды. Осыған байланысты, мектеп оқушыларын ғылымға тартып, олардың ізденіс дағдыларын дамыту және білім беру бастамаларын қолдау ерекше маңызға ие. Балаларда табиғатқа ұқыпты қарайтын көзқарасты қалыптастыру да білім беру жүйесі басымдықтарының бірі болып табылады. PRO.NRG FEST сияқты жобалар білімді практикамен ұштастыруға көмектесіп және мектеп оқушыларының ғылымға деген орнықты қызығушылығы мен қоршаған орта үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыра отырып, маңызды рөл атқарады».



