Конституциялық құндылықтарды қалыптастыру жөнінде форум өтті
Елордадағы «Tanym» көпфункционалды кешенінде «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалының және Білім басқармасының қолдауымен «Білім беру мекемелерінде конституциялық құндылықтарды қалыптастыру және ілгерілету» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері, білім саласының өкілдері мен студенттер қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған Сенат депутаты Амангелді Есбай бала санасындағы конституциялық құқықтың қалыптасуы жөнінде айтты.
«Құқықтық тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Өйткені бала алғашқы әлеуметтік тәжірибесін дәл осы ортада алады. Отбасы – баланың тұлғалық қалыптасуындағы ең маңызды институттардың бірі. Ата-ананың тәртібі, мінез-құлқы және сөздерінде бірізділік болуы бала үшін басты үлгі. Егер ата-ана өз іс-әрекеті арқылы жауапкершілік пен тәртіпті көрсетсе, бала да соны қайталайды. Оған қоса мектептің де осы мәселеде зор маңызы бар. Өйткені қазақта «тәрбие тал бесіктен» дегендей, тәртіп мектеп табалдырығынан басталады. Сондықтан мектеп балаларға білім беріп қана қоймай, қоғамдық ортаға бейімделуге үйретеді», – деді Амангелді Есбай.
Ал Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жаңа Конституцияда адами капиталға басты басымдық берілгенін, сонымен қатар білім мен ғылымды, инновацияны ілгерілету жағы да заңмен бекітілгенін атап өтті.
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек жастарға білім беру ісінде қалтқысыз қызмет етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысын білдірді.
«Еліміздің ертеңін айқындаған тарихи бетбұрыс жасадық. Біз биыл осы реформа арқылы ел болашағын айқындайтын стратегиялық құжатын бекіттік. Яғни бұл құжаттың маңызды қадамы – білім, ғылым, инновация айқын көрініс тапты. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, ол азаматтық сананы қалыптастыратын басты құндылықтар жүйесі. Сондықтан конституциялық мәдениет ең алдымен білім беру кеңістігінде қалыптасуы тиіс. Әрине, референдум тәжірибесі жастар үшін ерекше саяси мектепке айналды. Жас буын тек бақылаушы емес, ел болашағына әсер ететін шешімдердің қатысушысы екенін сезінді деп ойлаймыз», – деді Мұхаммед Болысбек.



