ҚР Мемлекеттік басқару академиясында қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен қызмет жолына арналған «Кекілбаев тұлғасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиынға жазушының ұрпақтары, мемлекеттік органдар өкілдері, парламент депутаттары, зиялы қауым, ғалымдар, қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызмет ардагерлері, сондай-ақ жазушыны қадір тұтатын оқырман қауым қатысты. Іс-шараның мақсаты – Әбіш Кекілбайұлының өнегелі өмір жолын, шығармашылық мұрасын, мемлекетшіл тұлғасын және ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін кеңінен насихаттау. Жаңа кітапта қаламгердің әдеби мұрасы ғана емес, оның елдік мүдде жолындағы қайраткерлік келбеті, азаматтық ұстанымы, зиялылық болмысы мен тағылымды өмір жолы жан-жақты қамтылған. Жинаққа тұлға туралы естеліктер, замандастарының пікірлері мен мазмұнды деректер енгізілген. Кітаптың авторлары — Ұлан Айхожа, Абай Сейфулла.

Бұл жоба — ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүзеге асырып келе жатқан «Тұлғатану» бағыты аясындағы игі бастамалардың жалғасы. Өткен жылы осы бастама шеңберінде жарық көрген «Сапарбаев тұлғасы» кітабы көпшілік тарапынан жылы қабылданған болатын. Ал «Кекілбаев тұлғасы» кітабы – сол рухани сабақтастықтың жалғасы. Іс-шара барысында кітап таныстырылып, арнайы қонақтардың лебізі тыңдалды және салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бұл игі іс одан әрі жалғасын табатынын жеткізді.

Кітапта біраз ойларын айтқан, кезінде Әбіш Кекілбаевпен бірге қызметтес болған мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов заңғар жазушының мемлекеттік қызметке араласуы арқылы билікті ізгіліктендіру, билікке интеллект кіргізу ісі жанданғанын атап өтті. Сенатор Бибігүл Жексенбай Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың осы тұсаукесерге арналған хатын оқыды.

Әбіштің бүкіл өмірі – сөзге адалдықтың, елге жанашырлықтың, ұлт мұратына қызмет етудің жарқын үлгісі. Сол бір дара жолын артындағы буынға үлгі етіп қалдырып кетті. 1996-2002 жылдары Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған кезінде жаңа мемлекетке жаңа рухани бағыт беру, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, тәуелсіздіктің тұрақты идеологиясын қалау сияқты үш іргелі шаруаны жүзеге асырып, жолға қойды. Оның ісін кейінгі хатшылар жалғастырды. Соның бірі — артынан ерген қызметтес інісі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев тұлғалардың мектебін қалыптастыру жолында жасалып жатқан бұл жұмыстың өте қажеттілігін атап өтті. Жалпы тұсаукесерге қатысушы зиялы қауым бұл еңбектің мазмұнын мемлекеттік қызметкерлерді даярлау ісінде ерекше өзекті деп бағалады.

— Бұл үрдіс уақыт талабымен үндес. Өйткені қазіргі мемлекеттік қызмет тек әкімшілік дағдылармен шектелмей, терең тарихи танымды, ұлттық жауапкершілікті және саяси парасатты қажет етеді. Бұл қасиеттердің барлығы Әбіш Кекілбайұлының тау тұлғасына табиғатынан тән болды. Кітапта жазушының Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі мемлекеттік басқару тәжірибесі, саяси мәдениет пен мемлекетшіл үлгісі кешенді түрде қамтылған. Ресми құжаттар, баяндамалар, естеліктер мен тарихи деректер негізінде абыз Әбіштің Парламенттегі қызметі, Мемлекеттік хатшы ретіндегі стратегиялық миссиясы, елдік мүдде мен қоғамдық келісімге қатысты ұстанымдары сараланып ұсынылды. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – оның қайраткерлік болмысын бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесімен сабақтастыра отырып, тәжірибесін нақты қолданбалы деңгейге шығару. Кітапта басымдық берілген құндылықтар – жауапкершілік, ұлттық мүддеге адалдық, дерекке сүйеніп шешім қабылдау, популизмнен биік тұратын саяси мәдениет, мәмілегерлік пен парасат бүгінгі мемлекеттік аппарат үшін нақты тәжірибелік модель бола алады. Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы Әбіш Кекілбайұлының рөлі ерекше назар аударуды қажет етеді, — дейді кітап редакторларының бірі, PhD докторант, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақтыбай Жайлау.

Оның айтуынша, авторлар құрамы Әбіш Кекілбайұлының мемлекетшіл ойлау үлгісіне ерекше мән берген. Жазушының әрбір шешімі мен көзқарасының түбінде ұлттық мүдде, тарихи жауапкершілік және қоғамдағы тұрақтылыққа деген ұмтылыс жатыр. Сондықтан бұл кітапты мемлекеттік қызмет этикасы мен саяси мәдениеттің оқу құралы ретінде қарастыруға әбден болатыны айтылды. Осы арқылы жас буынға мемлекетке қызмет етудің нақты стандартын ұсынылады, ал тәжірибелі кадрлар үшін кәсіби рефлексия алаңы қалыптастырылады.
Аталған еңбекті мемлекеттік қызметкерлердің, кадр резервіндегі тұлғалардың және сайланбалы органдарға кандидаттардың кәсіби біліктілігін арттыру жүйесіне енгізу жоспарлануда. Оқу бағдарламаларына қосу, арнайы дәрістер мен семинарлар ұйымдастыру, кейс-стади форматында практикалық сабақтар әзірлеу – бұл бағыттағы негізгі қадамдар. Сонымен қатар дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, тақырыптық кездесулер арқылы қайраткер мұрасын кеңінен талқылау да көзделуде. Мұның бәрі мемлекеттік қызметкерлердің саяси мәдениетін арттырып, басқарудағы стратегиялық ойлау мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Райхан Рахметова



