Заңсыз қоқыс төгу деректері анықталды
Елорда аумағында өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау және қала тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кезекті рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері тарапынан екі бірдей КамАЗ жүк көлігінің жүргізушілері белгіленбеген орындарға құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккені анықталды. Аталған құқық бұзушылықтар қала аумағында тіркеліп, жүргізушілердің абаттандыру қағидаларын өрескел бұзғаны белгілі болды.
Аталған фактілер бойынша құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданды.
Полиция департаменті ескертеді: белгіленбеген орындарға қоқыс төгу – қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретін құқық бұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Елорда полициясы қала тұрғындары мен жүргізушілерді тазалық мәдениетін сақтауға, қоқысты тек арнайы рұқсат етілген орындарға шығаруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Тазалық – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да күшейтілген тәртіпте жалғасатын болады.



