Банк қызметкерлері экоакцияға қатысты
Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Нұра-Есіл каналының жағалауында қаржы секторы өкілдерінің қатысуымен ауқымды сенбілік өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Экологиялық акцияға Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері қатысып, жалпы саны мыңға жуық адамды қамтыды.
Қатысушылар Ұлы Дала даңғылы бойындағы аумақты тазалап, қоқыс жинады, санитарлық жұмыс жүргізді.
Сондай-ақ ағаш отырғызуға арналған алаңдарды дайындап, абаттандыру жұмысын атқарды.
«Бұл акция арқылы көктемгі сенбіліктерге бастау беріп, табиғатқа жанашырлық әр азаматтың міндеті екенін көрсеткіміз келеді. Бүгінгі мақсат – тұрғындар арасында тазалыққа деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру», – деді «Даму» қоры Астана филиалы директорының орынбасары Айбек Кәрімов.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі Ұлттық банктің бастамасымен «Таза Қазақстан» жалауын басқа қаржы ұйымдарына табыстау болды.
«Бұл – ұйымдардың бірлігі мен еліміздің экологиясы үшін ортақ жауапкершіліктің белгісі», – деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Құрмашев.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаҚала @TazaQazaqstan



