Білім

«Бала Толағай» сайысында бақ сынады

Астанадағы №10 көпшілік кітапхананың ұйымдастыруымен Халықаралық денсаулық күні және қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдығына орай «Бала Толағай» атты қалалық спорттық сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымы мол іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттық ойындарды дәріптеу және елжандылық рухты нығайту болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған сайыс барысында қатысушылар қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындары бойынша өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, ләңгі тебу, асық ату, серке көтеру, қаппен жүгіру және арқан тарту секілді ойындар ойнатылып, әр кезеңде оқушылар өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын, күш-жігерін көрсете білді. Бұл ойындар тек жарыс қана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды.

«Бала Толағай» сайысына қалалық №29, 42, 43, 57, 104 орта мектептері мен Ақмола ауданына қарасты Жібек жолы ауылының Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектебі қатысып, тартысты дода өрнегін көрсетті. Қатысушы командалардың дайындығы жоғары деңгейде болғаны байқалып, әр мектеп намысты қолдан бермеуге тырысты.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын – И.Құтпанұлы атындағы мектеп;
ІІ орын – №42 орта мектеп;
ІІІ орын – №104 орта мектеп.

Жеңімпаздар арнайы кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жарыс барысында ерекше көзге түскен қатысушылар түрлі номинациялар бойынша да марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Ләңгі тебу» ойыны бойынша «Ләңгі шебері», «Әуедегі қыран», «Епті ойыншы»; «Асық ату» ойыны бойынша «Мерген көз», «Асықтың хас шебері», «Тәуекелшіл ойыншы»; «Серке көтеру» сайысында «Күш атасы – Қажымұқанның ізбасары», «Білекті батыр», «Толағай күш иесі» номинациялары табысталды.

Аталған іс-шара жас буынның денсаулығын нығайтып қана қоймай, ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттырып, тарихи тұлғаларға деген құрметін тереңдете түсті. Осындай мәні зор шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өскелең ұрпақтың рухани және физикалық дамуына оң ықпал етеді деген сенім мол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button