Түркістан театры тәнті етті

Түркістан музыкалық драма театры елордаға гастрольдік сапармен келіп, бас қала көрермендеріне қос спектакль ұсынды. Алғашқысы – «МузАрт» музыкалық драмасы, екіншісі – «Қара сөз. Абай» пластикалық қойылымы.
Жаңа ХХІ ғасыр туғанда, қазақ эстрадасында «МузАрт» үштігі жарқ ете қалды. Бастапқыда Мейрамбек Беспаев, Мақсат Базарбаев, Сәкен Майғазиев сынды әншілерден құралып, кейіннен Мақсаттың орнын Кенжебек Жанәбілов ауыстырды. Келе-келе үштік ансамбльге айналды. Биыл бұл ансамбльдің құрылғанына 25 жыл толып отыр. «МузАрт» драмасы осы топтың тарихынан сыр тарқатады.

Өткен жылдың желтоқсан айында көрермендерге жол тартқан қойылым идеясының авторы – Мерей Маханов. Қазыбек Аманжолдың қаламынан туған туындыны «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әли Бидахмет сахналады. Спектакльде топтың қалыптасуынан бастап, шығармашылық ізденістері, алғашқы әндері, халықтың жылы ықыласы, гастроль сапарлары, топ атауының қойылуы сияқты маңызды сәттер қамтылған. Сонымен қатар өнер жолындағы қиындықтар, топтағы ішкі дағдарыс, достықтың сыналуы сынды сәттер драма ретімен көрініс тапқан.
«МузАРТ» ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған композитор Қанат Ибрагимовтың «Сенің көзің» әнімен өнер көгінде сапарын бастады. Топ әншілері жағымды дауысымен, репертуарындағы есті әндерімен жұртты баурап алды. Олар лирикалық туындылармен қатар отаншылдық бағытындағы шығармалармен де ерекшеленді. Елге бұрыннан белгілі Қадыр Мырза Әлінің өлеңінен туған Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» (өлең авторы – Серікбай Оспанов) әндеріне жаңа тыныс берді. Спектакльде осындай әндер шырқалып, Мақсат топтан неге кетті деген сұраққа жауап беріледі. Қойылымда драматимзге толы көріністер де жетерлік. Соның бірі – Мейрамбектің ауырып қалып, Германияда ота жасату сәті. Бас кейіпкерлер – Мейрамбек, Мақсат, Сәкен, Кенжебек бейнелерін сомдаған әртістердің еңбегін атап өткен жөн. Актерлер танымал әншілерді зерттеп, олардың қимыл-қозғалысы, дауысына дейін салуға тырысқаны байқалды.
Ал «Қара сөз. Абай» – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын заманауи пластикалық тілмен сөйлететін философиялық туынды. Спектакльде ақынның өмір жолы мен шығармашылық ізденістері, рухани арпалысы мен кемелдікке жету сапары пластикалық би арқылы бейнеленеді. Қойылым тоғыз көрініспен суреттеліп, әрқайсысы адам өмірінің белгілі бір кезеңін, ішкі толғанысын және рухани дамуын сипаттайды. Туындының құрылымы көктем нышаны болған құс бейнесінен басталып, адамның ішкі жарығы мен сенімінің қайта оянуымен аяқталады. Абайдың «Қара сөздері» арқылы көрермен өзінің ішкі жан дүниесіне үңіле алады.
Спектакльдің қоюшы режиссері Мәдина Мұратбекова, композиторы Хамит Шаңғалиев, балетмейстерлер Анна Цой, Әділет Таменов, Аида Жақсылықова, сценограф Нұрлан Төлешов еңбегінің нәтижесінде қойылған қойылымға театр мамандары жоғары баға берді.
«Заманауи сахна тілі мен формасы табылған, эстетикасы мен стилі үйлескен, көркемдік шешімі тәнті еткен қойылым болды» деді спектакльді тамашалаған театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



