Қала мен сала

Елордада 80-нен астам стихиялық қоқыс үйіндісі жойылды

Елордада рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және абаттандыру ережелерін бұзушыларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Бас қаланың барлық аудандарында амақтарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазіргі уақытта Астанада 80-нен астам стихиялық қоқыс үйіндісі жойылып, 33,2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмысқа 90-нан астам арнайы техника жұмылдырылған.

Есіл ауданында Хусейн бен Талал көшелері, Е-321 көшесіндегі «Aisar» ТҮ аумағы және әуежайға апаратын тасжол бойында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл аймақта 10 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылып, 3 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Қоқыстың қайта пайда болуына жол бермеу үшін кірме жолдарға шектеу аркалары мен антитарандық блоктар орнатылған. Жұмыстарға 12 бірлік техника тартылған.

Сарайшық ауданында 4 учаске мен 15 орын тазартылып, 41 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, шамамен 11,5 мың тонна қоқыс шығарылған. Тазалау жұмыстары Ш. Қалдаяқов көшесінде – Ұлы Дала даңғылынан «Нұрлы жол» вокзалына дейін және LRT желісінің бойында жүргізілуде.

Сарыарқа ауданында жыл басынан бері санитарлық жағдайды бақылау барысында заңсыз қоқыс төгілген 10 орын анықталды. Қазіргі уақытта 7 қоқыс үйіндісі жойылып, 6 724 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 13 бірлік техника жұмылдырылған.

Алматы ауданында биыл заңсыз қоқыс төгілген орындар тіркелген жоқ.

Байқоңыр ауданында есепті кезеңде 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Тазалау 13 учаскеде, оның ішінде 101, Үшқоңыр, Пушкин, Өндіріс, Тайбурыл, Мұнайшылар көшелері, «Алай» базарының аумағы, Солтүстік айналма жол және басқа да жерлерде жүргізілді. Жұмыстарға 10 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, 18-ге жуық жүйелі қоқыс жиналатын орын белгіленіп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 13 бейнебақылау камерасы орнатылды.

Нұра ауданында екі мердігерлік ұйым қатысуымен стихиялық қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жалғасуда. Қазірге дейін заңсыз қоқыс төгілетін 40 учаске анықталып, олардың 7-сі ірі қоқыс жиналатын ошақтарға жатады. 2 мың тоннадан астам қалдық шығарылып, 14 бірлік техника пайдаланылған. Қоқыс төгілудің алдын алу мақсатында Талдыкөлдің проблемалық аймақтарында – Ұлы Дала мен Айтматов көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Қорғалжын тасжолы ауданында «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы мониторинг жүргізілді.

Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2 және 344-баптары бойынша 345 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 12 миллион теңгені құрайды.

2025 жылғы қаңтардан бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 344-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін айыппұл мөлшері артты. Жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден 1000 АЕК-ке дейін (393 200 теңгеден 3 932 200 теңгеге дейін) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл 200-ден 2000 АЕК-ке дейін (786 400 теңгеден 7 миллион теңгеден астам) дейін өседі. Сонымен қатар, қоқыс шығаруға пайдаланылған көлік құралдары мен басқа да заттарды тәркілеу сияқты қосымша санкциялар қарастырылған. Бұл шаралар қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту және жаңа қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмауға бағытталған.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button