Оқушылардың заңдық танымын көтерген еліктемелі сот
Астанадағы №97 мектеп-гимназияда «Заң және тәртіп» қағидаты аясында оқушылардың қатысуымен еліктемелі сот отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Әділет мектебі» жобасы аясында өткен іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және сот процесі мен заңдық жауапкершіліктің негіздерімен тәжірибелік тұрғыда таныстыру.

Оқу форматындағы сот отырысы нақты сот тәжірибесіне барынша жақын инсценировка түрінде өткізілді. Сценарий бойынша білім беру ұйымының аумағына газ баллонын алып кірді деген айып тағылған оқушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот процесіндегі судья, прокурор, адвокат, айыпталушы және куәгер секілді негізгі рөлдерді мектеп оқушылары өздері сомдады.

Іс-шара барысында қатысушылар заң талаптары, құқықтық жауапкершілік және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөнінде тәжірибелік білім алды. Мұндай формат оқушылардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Шара Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының «Құқықтық BasQaru» жобасы аясында жүзеге асырылды. Ұйымдастырушылар мұндай танымдық кездесулер жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, заңға бағынатын қоғам құруға септігін тигізетінін атап өтті.



