Цифрлық трансформацияға басымдық берілмек

Кеше қалалық мәслихатта Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру және халықты мемлекеттік органдар мен қызметтердің жұмысы туралы ақпараттандырудың тиімділігі жөніндегі қызметі мәселесі бойынша тыңдау өтті. Жиын барысында «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек баяндама оқыды.
Қазіргі уақытта ақпаратты жариялаудың жеделдігі, коммуникацияның цифрлық арналарын кеңейту, халықпен кері байланысты күшейту және талдамалық жұмыстың сапасын арттыру мәселелері – басты назарда.
Олжас Сыдықбек өз сөзінде «Elorda Aqparat» медиахолдингінің елордадағы ақпараттық кеңістікте маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Холдинг құрамындағы «Astana aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттері, сондай-ақ Elorda.info порталы мен әлеуметтік желілер қала тұрғындарына ресми ақпаратты жедел әрі қолжетімді форматта жеткізіп отыр.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар мен Президент тапсырмаларын түсіндіру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, «Жұмысшы мамандықтар жылы», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары аясында мыңдаған материал жарияланып, қоғамда түсіндіру жұмыстары күшейтілген.
Сонымен қатар ақпаратты таратуда көпарналы модель тиімді қолданылып жатқаны айтылды. Яғни бір ақпарат газетте кеңейтілген түрде, сайтта жедел жаңалық ретінде, ал әлеуметтік желілерде қысқа әрі визуалды форматта ұсынылады. Бұл тәсіл әртүрлі аудитория топтарын қамтуға мүмкіндік береді.
Олжас Сыдықбек заманауи мультимедиалық студияның құрылып жатқанын, онда подкасттар, бейнесюжеттер және арнайы жобалар әзірленетінін жеткізді. Фото және видео контент өндірісі де күшейтіліп, ақпаратты визуалды түрде ұсынуға басымдық бермек.
Баяндама соңында медиахолдингтің алдағы уақытта цифрлық трансформацияға басымдық беріп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу арқылы контент сапасын арттыратыны айтылды.



