Астанада Mecenat.kz әдеби сыйлығының 5-маусым жеңімпазы марапатталды
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Mecenat.kz әдеби сыйлығының 5-маусым жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Mecenat.kz – қазіргі Қазақстан туралы үздік роман үшін берілетін жыл сайынғы әдеби сыйлық. Жоба – отандық көркем әдебиетті дамытуға, қаламгерлерді қолдауға, оқырман қызығушылығын арттыруға және қазақстандық шығармаларды халықаралық нарықта танытуға бағытталған тәуелсіз азаматтық бастама. Әдеби сыйлық жеңімпазы ашық дауыс беру арқылы анықталады.
Биыл байқауға 33 өтінім түсті. 5 маусым қорытындысы бойынша Есболат Айдабосын «Бүкір» романы үшін жеңімпаз атанды.
«Бүкір» романы – жылқы тағдыры арқылы адам қадірі, әлеуметтік теңсіздік, ар-намыс пен рухани ізденіс тақырыптарын арқау еткен шығарма.
Жеңімпазға қазақстандық «Freedom Life» өмірді сақтандыру компаниясынан ҚР Ұлттық банкінің төлем жасалған күнгі бағамы бойынша өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары мөлшерінде төленетін ерікті аннуитеттік сақтандыру полисі табысталды.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, сыйлық меценаты, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, жоба негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков, байқауға қатысушылар, оқырмандар және өзге де қонақтар қатысты.
Салтанатты рәсім аясында көпшілікке 5 және 6 маусымдағы жаңашылдықтар таныстырылып, байқаудың 5 маусымы туралы деректі фильм көрсетілді.



