Ел тынысы

Ортақ мәселедегі орайлы шешімдер

Жаһандық климаттың өзгеруі, судың азаюы және суармалы судың жетіспеушілігі адамзатты алаңдатқан проблемаға айналды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, әсіресе Орталық Азиядағы температура планетадағы орташа деңгейден әлдеқайда жылдам өсуде. Сондықтан осы аймақтағы елдерде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға су үнемдеу технологияларын және smart суару мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажеттігін атап өтті. Осы ретте ол Орталық Азия су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзір екенімізді де мәлімдеген болатын.  

Басты суару көздері — трансшекаралық өзендер

БҰҰ мәліметтеріне сәйкес жер беті халқының 40 пайызы трансшекаралық су қоймаларына жақын жерде өмір сүрсе, соның тек бесінші бөлігінде ғана су ресурстарын бірлесе қолдануға келісім орнатылған. Қазақстанда ұзындығы 1000 шақырымнан асатын 7 өзен бар. Олардың ішінде біздің елімізден тек Есіл өзені ғана бастау алады. Қалған Жайық, Тобыл — Ресейден, Ертіс пен Іле — Қытайдан, Сырдария мен Шу — Қырғызстаннан басталады. Сырдария Қырғыз Алатауынан басталса да, көп бөлігі Өзбекстан аумағы арқылы өтеді. Осылайша Қазақстанның трансшекаралық су ресурстарына тәуелділігі 42 пайызды құрайды. Олардың ахуалы Қазақстанға ғана емес, көршілес елдердің экологиялық және геосаяси қарымқатынасына да тәуелді. Сондықтан Қазақстан су мәселесін тек екіжақты емес, көпжақты форматта да шешуге тырысып келеді.

Елде қазіргі таңда судың 65%-ы ауылшаруашылығына жұмсалады. Суармалы жерлердің ауданы 1,6 миллион гектарды құрайды. Соның басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарына тиесілі. Бұл аймақтардағы ауыл шаруашылығы да трансшекаралық өзендерге тәуелді.

Қазақстан мәселені қалай шешуде?

Еліміздегі су мәселесі 2023 жылы Су және ирригация министрлігінің құрылуына негіз болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су инфрақұрылымын толыққанды жаңарту қажеттігін ерекше атап өтті. 2025 жылғы 9 сәуірде Мемлекет басшысы су үнемдеу тетіктерін енгізуге және су нысандарын қорғауға, азаматтар мен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануынан қорғауға бағытталған ҚР жаңа Су кодексіне қол қойды. Мамандардың айтуынша, бұл кодекстің қабылдануы Қазақстанға су ресурстарын басқарудың неғұрлым түсінікті және жүйелі моделіне көшуге мүмкіндік береді. Шешімдер енді нақты және болжамды су баланстарына сүйенеді. Қазір елімізде су шаруашылығын кезең-кезеңімен жаңғырту бойынша шаралар жүзеге асырылуда.

— Су тапшылығы, біріншіден, судың едәуір бөлігі көрші елдерден келетіндігімен байланысты. Екіншіден, су тиімсіз жұмсалады, оның үштен екісі ауыл шаруашылығына кетеді. Аграрлық секторда сумен жабдықтау суару желілері арқылы жүзеге асырылады, олардың көбі қара жерде, бетондалмаған, бұл 50%-ға дейін шығын келтіреді, — дейді Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығының климаттың өзгеруі бағдарламасының менеджері Азамат Кауазов.

Биыл ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов су-энергетикалық ресурстардың жаңа картасы жыл соңына дейін әзірленетінін хабарлады. Суды үнемдеу басым бағыт болып қала береді. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің жалпы көлемінің үштен бірінен астамы су үнемдеу технологияларымен қамтылған, бұл өткен жылы 847 млн км3 суды үнемдеуге мүмкіндік берді. Жыл сайын қосымша 150 мың гектарға жуық жерді қамту жоспарлануда.

Орталық Азияны біріктірген жоба

Осылайша Қазақстан су ресурстарын басқару жүйесін нығайтуға, климаттық орнықтылықты арттыруға, ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға және елдің барлық аумағында суды неғұрлым тиімді және экономикалық орнықты пайдалануды ілгерілетуге күш салуда. Дегенмен табиғи су көздерін пайдалануда көршілес мемлекеттермен де шешетін ортақ мәселелердің болуы мұны олармен жүйелi және келiсiлген шешiмдер арқылы реттеудi талап етедi. Осы мақсатта 2022-2026 жылдар аралығында Еуразиялық даму банкінің қолдауымен «Орталық Азияның су-энергетикалық кешені» инвестициялық мегажобасы жүзеге асырылуда. БҰҰ деректеріне сәйкес әлемде 2 млрд, Орталық Азияда 10 млн адамға қауіпсіз ауызсу қолжетімсіз. 1994-2020 жылдары коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге керек су көлемі екі есе артқан. Ауыз су жабдықтары инфрақұрылымына салынған инвестиция тым аз. Инфрақұрылым мен тазарту жабдықтарының тозуы 80 пайызға жеткен.  Мәселені шешу үшін 2025-2030 жылдары бұл секторға жыл сайын қосымша 2 млрд доллар инвестиция қажет.

Аталған жобаға  «Nexus» тұжырымдамасы негіз болды, яғни бес мемлекет, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның суы мен энергиясын біртұтас, ажырамас және өзара тәуелді жүйе ретінде қарастыру ұсынылды. Бастаманың негізгі мақсаты – аталған елдерге климаттық қиындықтарға бейімделуге көмектесу, олардың энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету және ең бастысы ауыл шаруашылығындағы су шығынын түбегейлі азайту. Банктің Салалық талдау орталығының басшысы Арман Ахунбаевтың айтуынша, ол үшін заманауи суару технологияларына көшу, тығыз өңірлік кооперация және халықаралық банктер мен жеке капиталдың қаржылық күш-жігерін біріктіру қажет. Бұл жоба қазір БҰҰДБ және ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

-Біріншіден, жоба суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы суды нақты үнемдеуге ықпал етеді. Әрбір текше метр суды мүмкіндігінше тиімді пайдалану керек. Екіншіден, жоба саланың цифрлық трансформациясын жеделдетеді. Бұл тек сенсорларды орнатуды ғана емес, деректерге, болжамға және дәл есептеулерге негізделген суды басқаруға көшуді білдіреді. Ирригацияның заманауи технологияларына қол жеткізетін алғашқы өңірлер — Қазақстанның оңтүстігі. Біз саналы түрде фермерлер үшін әсері ең жылдам және қатты сезілетін жерден, яғни су бірінші мәселе болатын жерден бастаймыз, содан кейін оның ауқымын кеңейтеміз. Пилоттық жобаға Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстары кіреді, осы өңірлерде заманауи ирригацияның алғашқы өңірлік орталықтарын құру қарастырылуда. Негізгі басымдық су тапшылығы мәселесі ең өткір аймақтарға беріледі. Сондай-ақ еліміздің шығысында жаңа бөгет салуды жобалау бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарланған, бұл суды сақтау инфрақұрылымынан бастап оны шаруашылықтарда ұтымды пайдалануға дейінгі кешенді тәсілді пысықтауға мүмкіндік береді. Әрі қарай жоба ауқымы арта түседі, сыналған сәтті шешімдер басқа оңтүстік аймақтарға, содан кейін бүкіл елге таралады. Біз сапаны жоғалтпай көбейтуге болатын модель жасаймыз. Тағы бір маңызды бағыт – аймақтық кооперация. Қазақстан Өзбекстандағы, Қырғызстандағы және Орталық Азияның басқа да елдеріндегі БҰҰДБ кеңселерімен тәжірибе алмасады. Бұл технологияны енгізіп қана қоймай, бүкіл аймақ деңгейінде суарудың жалпы инновациялық экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, — дейді банктің аға атқарушы директоры Марғұлан Әбдіров.

Қазақстанда жобаны жүзеге асыру үшін бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында ШҚО-дағы Кендірлік өзенінде су қоймасын салу бойынша жобалық құжатын әзірлеу және оны кешенді бағалау, қазіргі су саясатының негізі ретінде су теңгерімін есептеу және басқару бойынша операциялық цифрлық жүйені дамыту, мамандардың біліктілігін арттыруды күшейту, нақты қанша су тұтынғанын анықтайтын және ресурстарды тұтынуды бақылауға мүмкіндік беретін суды есепке алу жабдығын орнату, озық суару технологиялары қолданылатын екі демонстрациялық алаң құру көзделген. Соның нәтижесінде шығынды азайту, суды көбейту, жоғары технологиялық және құзыреттілікті күшейте түсу бағытталған.

Бүгінде жобаның бес негізгі құрамдас бөлігіне қатысты шаралар кешені іске асырылуда. Цифрландыруға келетін болсақ, қолданыстағы ұлттық ақпараттық жүйе жетілдіріліп, түрлі модульдер әзірленуде. Екінші компонент шеңберінде фермерлерді оқытудың өңірлік орталықтарын құруға дайындық жүргізілуде. Заманауи ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу үшін пилоттық өңірлер анықталып, гидротехникалық құрылыстарға қатысты су қоймасын жобалау бойынша дайындық жұмыстары басталды. Мұның бәрі су шаруашылығын жаңғыртудың кешенді жүйесін қалыптастырады.

Әлемдегі әр ел климаттың өзгеруінен туындайтын мәселелер, соның ішінде су тапшылығымен өзінше күресуде. Ал су көздері мен энергетикалық қуаты бір-бірімен тығыз байланысты Орталық Азия елдерінің осы ретте біріге әрекет етуі кешенді жоба арқылы мәселені жүйелі түрде шешуге септік етеріне сенім мол.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button