Зейнеткерлердің «Қош келдің, Әз-Наурыз!» кеші өтті
Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Кештің әрбір сәті көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жиналған жұртшылық ерекше әсерге бөленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мереке барысында «Көктем вальсі» және «Жаңа толқын» би клубтарының өнерпаздары сахна төрінде әсем қимылдарымен көз сүйсіндіріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сахнада «Асыл мұра» домбыра ансамблі (жетекшісі Аманкүл Тоқбергенова) Құрманғазының «Адай» күйін шебер орындап, ұлттық рухты асқақтатты. Сонымен қатар, Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» күйі де тыңдарман жүрегіне жол тапты.

Кеш шырайын «Сағыныш сазы» ансамблінің «Әжелер-Наурыз» әні аша түсіп, мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандырды. «Бәйтерек» ансамблі халық әні «Угай-ай»-ды нақышына келтіре орындаса, «Ақбақай» және «Ақ дастархан» хор ұжымдары да өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, Брамстың «Венгер ұлттық биі» мен Аубакировтың «Наркескен» шығармалары көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
«Арқа әуендері» халықтық ансамблі орындаған попурри кештің ажарын аша түссе, «Жолыққан қандай жақсы» триосы мен Ұмсын Садуақасованың орындауындағы Қалқаман Сариннің «Жібек сезім» әні көрермендердің жүрегін тербетті. Бағдарлама «Жаңа толқын» би клубының «Морячка» биімен жалғасып, «Шырқа гитара» клубының «Қайырлы кеш» және «Последняя поэма» әндерімен өрбіді. «Маржан шашу» биі де көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Кеш соңында айтылған ақжарма тілектер мен ізгі ниеттер мерекенің мәнін айшықтай түсті. Жалпы, мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, көрермендер ерекше әсер алып, барлығы дән риза күйде тарқасты.



