Ел тынысы

Астанада көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды

«Наурызнаманың» онкүндігі аясында 17 наурыз – Шаңырақ күні ретінде белгіленген. Осыған орай Астанада көпбалалы аналар «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сарыарқа ауданында 40 ана жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оның ішінде 9 ана «Алтын алқа», 31 ана «Күміс алқа» иегері атанды.

«Шаңырақ – қазақ үшін отбасының, бірліктің, ұрпақтың белгісі. Әр шаңырақтың берік болуы, ең алдымен, анаға байланысты. Өйткені үйдің жылуы да, берекесі де ананың мейірімі мен тәрбиесінен басталады. Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға амандық, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін», – деп атап өтті Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев.

Есіл ауданында көпбалалы аналарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында 30 анаға мемлекеттік наградалар табысталып, олардың қоғам мен отбасы алдындағы ерен еңбегі жоғары бағаланды.

Атап айтқанда, 24 ана «Күміс алқа», ал 6 ана «Алтын алқа» иегері атанды. Бұл марапаттар – аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегіне, олардың сабыры мен мейіріміне берілген лайықты құрмет.

Салтанатты жиында аналардың қоғамдағы рөлі ерекше атап өтіліп, отбасы құндылықтарын нығайту, бала тәрбиесіне жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені айтылды.

Ал Сарайшық ауданында 4 ана «Алтын алқа» иегері атанса, 19 ана «Күміс алқа» табысталды. Аналарды аудан әкімі Мақсат Саматұлы мемлекеттік наградаларымен құттықтап, өлшеусіз еңбегіне алғысын білдірді.

Айта кетейік, «Күміс алқа» алқасымен алты бала дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар, ал «Алтын алқа» орденімен жеті және одан да көп бала тәрбиелеп отырған аналар марапатталады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button