Құқық

Астанада есірткі қылмысына қарсы қандай шаралар атқарылуда?

Есірткі қылмысы – халықтың денсаулығына, әлеуметтік тұрақтылыққа және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін ұйымдасқан қылмыстың ең қауіпті түрі. Осыған байланысты есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Еркеш Қалықов осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикер өз сөзінде Ішкі істер министрлігі алқасының соңғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту қажеттігін ерекше атап өткенін жеткізді. Елордалық гарнизонның жеке құрамына, ең алдымен синтетикалық есірткілерді таратудың арналарын анықтау және жолын кесуге бағытталған нақты міндеттер жүктелді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, елордаға келіп түсетін есірткінің негізгі бөлігі синтетикалық заттар болып отыр. Әдетте олар жасырын есірткі зертханаларында өндіріледі, кейін интернет-ресурстар мен мессенджерлер арқылы таратылады.

«Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, Полиция департаментінің барлық бөлімшелеріне жолданды.

Негізгі назар есірткі зертханаларын анықтауға, жеткізу арналарының жолын кесуге және тыйым салынған заттарды таратуға пайдаланылатын интернет-алаңдарды жоюға аударылуда.

Есепті кезеңде елорда аумағында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 238 дерек тіркелді. Оның ішінде 108 дерек қылмыс санатына жатады, 80 дерек есірткі заттарын сату фактісі. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 105 келі 649 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді.

Осы жылдың басынан бері ең ірі көлемде есірткі тәркіленген фактілерінің бірі — қаладан шығар жолда синтетикалық есірткінің ірі партиясының ұсталу фактісі. Полиция қызметкерлері Hyundai маркалы автокөлікті тоқтатқан.

Көлікті 37 жастағы жүргізуші басқарған. Тоқтатқаннан кейін ер адам жаяу қашып кетуге әрекет жасағанымен, полиция қызметкерлері оны жедел түрде ұстап алды», – дейді спикер.

Оның айтуынша, көлікке жүргізілген тексеру барысында жүксалғыш бөлігінен, қаптаманың астынан ұнтақ тәрізді зат салынған пакет табылған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың салмағы 2 келіден асатын Альфа-PVP синтетикалық есірткісі екені анықталды. Сонымен қатар көліктен вакууматор және Zip Lock пакеттері табылды. Бұл есірткі заттарын әрі қарай таратуға дайындау мақсатында қолданылғанын көрсетеді.

Есірткі таратылатын интернет-ресурстарды анықтауға ерекше назар аударылған. Осы мақсатта интернет кеңістігі тұрақты түрде мониторингтен өтеді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде есірткі тарату туралы ақпарат орналастырылған 447 сайтты бұғаттауға жолданды. Сонымен қатар заңсыз қаржылық операцияларда пайдаланылған 276 банк картасы бұғатталып, олардың жалпы сомасы 1 117 925 теңгені құрады.

Алдын алу шараларының бірі ретінде 2025 жылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы күшіне енді. Бұл норма есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын және күшті әсер ететін заттарды медициналық мақсатсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді.

«Биыл есірткі тұтынғаны анықталған 355 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 297 адам қамауға алынды. «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алудың 2026-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары» және «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы іске асырылуда.

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2026 жыл «Еріктілер жылы» болып жарияланды. Бұл жастар арасындағы профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 90 профилактикалық іс-шара өткізілген. Олардың қатарында акциялар, семинарлар, дәрістер мен түрлі кездесулер бар.

Жалпы қамтылған жастар саны 18 мыңнан асты.
Астана – елдің астанасы әрі ірі мегаполис ретінде экономикалық және әлеуметтік белсенділіктің орталығы.

Құқық қорғау органдары есірткі қылмысына қарсы тиімді күрес тек мемлекет, қоғам және азаматтардың бірлескен әрекеті арқылы мүмкін екенін атап өтеді. Тек ортақ күш-жігер ғана есірткі қаупін төмендетіп, жас ұрпаққа қауіпсіз болашақ қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді Еркеш Қалықов.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button