Денсаулық

Елордадағы ауруханада қытайлық хирургтардың сапары қорытындыланды

Елордадағы №3 көпбейінді қалалық ауруханада Қытайдан келген дәрігерлердің үш күндік сапары аяқталды. Кездесу барысында Астана қаласы әкімдігінің «№3 көпбейінді қалалық аурухана» ШЖҚ МКК мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халықтық ауруханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат кәсіби тәжірибе алмасуды дамытуға, бірлескен операциялар жүргізуге және заманауи медициналық технологияларды енгізуге бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сапар барысында мамандар Астана қаласы мен еліміздің басқа өңірлерінен келген 60-тан астам пациентке кеңес берді. Сондай-ақ өт жолдары ауруларын емдеуге арналған бірқатар ота жасады.

Операциялар аз инвазивті әдістермен — лапароскопия және эндоскопия арқылы жүргізілді. Дәрігерлер заманауи технологияларды, соның ішінде эндоскопиялық ретроградтық холангиопанкреатографияны (ERCP), өт жолдарын стенттеу және эндоскопиялық тәсілмен өт жолдарындағы тастарды алып тастау әдістерін қолданды.

Жалпы хирургия бөлімінің меңгерушісі Сергей Вервейн қытайлық мамандар эндоскопиялық ота жүргізудің заманауи тәсілдерін көрсеткенін атап өтті.

«Қытайлық әріптестеріміз біздің жабдықтарды пайдаланып, өздері алып келген шығын материалдары арқылы екі ЭРХПГ процедурасын орындады. Алдағы уақытта қажетті материалдарды сатып алу жоспарланып отыр. Осыдан кейін мұндай операциялар біздің ауруханада тұрақты түрде жүргізілетін болады», — деді ол.

Диагностика бөлімінің меңгерушісі Жандос Арыновтың айтуынша, мұндай халықаралық кездесулер дәрігерлердің тәжірибе алмасуына және жаңа емдеу әдістерін енгізуіне мүмкіндік береді.

«Біз екі жақты тәжірибе алмастық: өзіміздің тәжірибемізбен бөлістік, ал қытайлық әріптестеріміз өз тәжірибелерімен бөлісті. Операцияларды жүргізген Ма Чжиган мырзаның эндоскопиялық ретроградтық холангиопанкреатография (ERCP) жасау тәжірибесі өте мол — жылына шамамен осындай 700 ота жасайды. Бұл өте жоғары көрсеткіш», — деді ол.

№3 көпбейінді қалалық аурухана — елордадағы ірі медициналық мекемелердің бірі. Жалпы хирургия бөлімінде 35 төсек-орын бар, жыл сайын мұнда шамамен 2000 пациент ем қабылдайды. Бір жылда 500-ге жуық жоспарлы және 1000-ға жуық шұғыл операция жасалады.

Қытайлық дәрігерлердің сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы медициналық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Бір белдеу — бір жол» халықаралық бастамасы аясында өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button