Елімізде өтіп жатқан референдумға азаматтар белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда. Бұл – халықтың ел болашағына бейжай қарамайтынын және маңызды саяси науқанға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Учаскелерге келіп, дауыс беріп жатқан тұрғындардың қарасы қалың. Мамандардың айтуынша, бұл – демократиялық қоғамның айқын белгісі.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов референдумға қатысу әрбір қазақстандықтың конституциялық құқығы екенін атап өтті.
«Ең алдымен, бұл – Қазақстанның әр азаматының өз құқығын пайдалану мүмкіндігі. Соған қуануымыз керек. Көптеген елдерде азаматтардың дауыс беру құқығына толық ие бола алмай жүрген жағдайлар кездеседі. Ал бізде бұл мүмкіндік бар, бұл – демократияның белгісі», – деді ол.

Ректордың айтуынша, уақыт бір орында тұрмайды, қоғам мен мемлекет үнемі дамып, өзгеріп отырады. Осы өзгерістерді ескере отырып, жаңа саяси реформаларды және ел өміріндегі маңызды жаңалықтарды Ата заңға енгізу қажеттілігі туындаған. «Осы уақытқа дейін еліміз көптеген жетістіктерге жетті, халықаралық деңгейде де, ішкі саясатта да түрлі өзгерістер болды. Жаңа саяси реформалар жасалды. Соның бәрін Конституцияда бекіту мақсаты қойылды. Бұл бастамалар халыққа кеңінен түсіндірілді. Соның нәтижесінде бүгін азаматтардың дауыс беруге белсенді түрде келіп жатқанын көріп отырмыз», – деді Ерлан Сыдықов.
Оның сөзінше, жаңа Конституция елді жаңғыртып, дамытудың маңызды тетігіне айналмақ. Сондықтан да құжат «жаңа Конституция» деп аталып отыр.
Сондай-ақ референдум алдында университеттерде, соның ішінде Еуразия ұлттық университетінде де Конституцияның жаңа нұсқасы кеңінен талқыланған. Арнайы топтар құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
«Бұл тек біздің университетте ғана емес, бүкіл ел бойынша халықтық талқылау болды. Арнайы коалициялар мен сараптамалық топтар құрылып, түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары да үлкен үлес қосты. Тіпті студенттердің өзі қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондықтан бүгін Конституцияға дауыс беруге келіп жатқан азаматтардың саны елімізде басым көпшілікті құрайды деп ойлаймын», – деді ректор.
Мамандардың пікірінше, референдумға халықтың белсенді қатысуы – елдің болашағына деген жауапкершіліктің және қоғамдағы саяси мәдениеттің артып келе жатқанының айқын көрінісі.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



