Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сарапшылар клубының кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шарада конституциялық реформа аясында гендерлік теңдік мәселелері, әйелдердің мемлекеттік басқарудағы рөлі және шешім қабылдау үдерістеріне қатысуы талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сенат Төрағасы әйелдердің экономикалық, саяси және қоғамдық өмірге белсенді қатысуы елдің дамуы үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті. Жаңа Конституция нормалары әйелдердің құқықтық мәртебесін бекітіп, тең мүмкіндіктер қағидатын күшейтеді, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуын қамтамасыз етеді және отбасы мен ананы қорғауды басты назарға алады.

Отырысқа Әсел Жанасова, Назым Жанғазинова, Махаббат Есен, Назым Қызайбай, Гүлнар Сәлмен, Валерия Коцур, Толқын Нұрышева, Шолпан Каринова және Қазақстан арнайы мақсаттағы күштерінің әйелдер құрамасы «Tomiris» қатысты. Сарапшылар реформалардың көрсеткіштерін талқылап, әйелдердің рөлін күшейтуге арналған шетелдік тәжірибелерді енгізу жолдарын қарастырды.



