Айыппұл автоматты түрде жазылады

12 наурыздан бастап елімізде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енеді. Айыппұлдар автоматты түрде тіркеле бастайды. Ішкі істер министрлігі бұл өзгеріс Цифрлық кодекс аясында енгізіліп жатқанын хабарлады.
Енді рөлде телефон ұстап немесе белдік тақпай отырсаңыз, оны полиция емес, камера анықтайды. Техникалық байқау мерзімі өтіп кетсе де, жүйе автоматты түрде тіркейді.
Бұған дейін жол ережесін бұзудың 6 түрі автоматты түрде тіркеліп келді. Оның ішінде жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту, жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, тоқтау және тұру қағидаларын бұзу, озу ережесі бар. Енді оларды тіркеудің үш тәсілі қарастырылады. Бейнекамералар бұрынғыдай жұмыс істей береді. Тек бұдан былай рульде телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты әрекеттерді де арнайы автоматты жүйе анықтайды.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұған дейін автоматты түрде тіркеу көбінесе жылдамдық асырған немесе қызыл жарыққа өткен жүргізушілерге қатысты қолданылса, енді цифрлық жүйелер арқылы кез келген әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, айыппұл дереу жазылады.
Мамандардың мәлімдеуінше, әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай тізілімі жүйесімен біріктірілген мемлекеттік деректер базаларын пайдалану құжаттарға қатысты бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді, яғни техникалық байқаудың мерзімінің өтуі, сақтандыру полисінің болмауы, қаруды сақтау рұқсаты мерзімінің аяқталуы, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында таралған автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Әкімшілік кодекстің 31-бабында цифрлық жүйелер арқылы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша хаттама толтырмай-ақ, тікелей айыппұл салу қарастырылған. Мұндай жағдайда деректер әкімшілік өндірістің бірыңғай реестрімен интеграцияланған жүйелер арқылы өңделеді.
Демек, заң талаптары өзгермейді, тек оларды тіркеу тәсілдері жаңартылады. Ал жүргізушілер жаңа жүйе күшіне енсе айыппұлдар қарша борайды деп санайды. Себебі дауыл, қар, жаңбыр кезінде камералардың жаңылыспауына ешқандай кепілдік жоқ.
– Айыппұл шын мәнінде көп. Осыған байланысты біз бұл камералардың құрылымы қалай болатынын, олардың қалай жұмыс істейтінін біз әлі білмейміз. Себебі әртүрлі жағдайлар бар. Сонымен қатар елордада ауа райы құбылмалы. Айыппұл дәл сізге келетініне кепілдік бермейді. Бір білетінім, енді айыппұлдар көбейеді. Өйткені қазір жүргізушілердің дені телефонда отырады, қауіпсіздік белбеуін де барлық адам бірдей таға бермейді, мүмкіндігінше сақтанып жүруге, құқық бұзбауға тырысамыз, – деді қалалық жүргізуші Ербол Маратұлы.
IT мамандарының айтуынша, мұндай жүйелер Сингапур, Оңтүстік Корея, Қытай секілді әлемнің бірқатар елінде қолданылады. Алайда оның тиімділігі тек жылдамдығында емес, әділдігінде, ашықтығында, техникалық сенімділігіне негізделуі тиіс. Кез келген цифрлық жүйе сияқты бұл да хакерлық шабуылға осал болуы мүмкін. Жеке деректердің ұрлануы, жазбаны бұрмалау секілді қауіп бар. Cондықтан осы мәселелер үкіметтің басты назарында болуы керек.
Өзгерістер қала көшелеріндегі «Сергек» тәрізді бақылау жүйелерінің функционалын кеңейтеді. Бұрын бейнежазбалар негізінен дәлел ретінде қолданылса, енді ұсақ құқықбұзушылықтар үшін бірден автоматты түрде айыппұл салуға мүмкіндік туады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда енгізілген өзгерістер жаңа құқықбұзушылық түрлерін енгізбейді, тек оларды анықтау мен әкімшілендіру тәсілін өзгертеді. Яғни күнделікті байқалмай келген ұсақ заң бұзушылықтарды енді инспектор емес, цифрлық жүйе анықтап, айыппұлды бірден жазып отырады.



