Мәдениет

Тарихи-танымдық форум

Бас қаладағы №32 мектеп-гимназияда «Абылай хан – ел бірлігінің ұлы символы» атты қалалық тарихи-танымдық форум өтті. Оған мектеп басшысы Гүлшат Байтас, Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағанбетов, сондай-ақ қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, форумның мақсаты – Абылай ханның қазақ тари­хындағы орны мен ел бірлігін нығайтудағы рөлін жан-жақты таныту, оның көреген саясаты мен көшбасшы қасиетін тарихи және әдеби дерек негізінде зерделеу, сонымен қатар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел бірлігінің маңызын ұғындыру.

Фойеде келушілер назарына жауынгерлердің сауыт-сайманы таныстырылып, Абылай ханның балалық шағына қатысты шағын қойылым қойылды. Мұнда батыл қолбасшының дипломатиялық тұрғыда қабылдаған маңызды шешімдерінен көрініс сахналанды. Пленарлық бөлімде зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, білім беру саласының басшылары мен қоғам қайраткерлері мазмұнды баяндама жасап, тарихтың бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі орны мен маңызын жан-жақты талқылады. Ал Өмірбай Бекмағанбетов «Абылайдың мемлекетшіл тұл­ғасының қалыптасу мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, тарихи деректер негізінде тың тұжырымдар ұсынды.

«Жастар – келешектің негізгі болашағын қалайтын жас ұрпақ. Олардың тарихи санасын қалыптастыруда мұндай форумдардың атқаратын рөлі өте зор. Осы форумда Абылай ханның мемлекеттік деңгейдегі тұлға болып қалыптасуының отандық тарихнамадағы мәселелері, соңғы уақытта зерттеулерде шығып жатқан деректер, жүргізген сырт­қы және ішкі саясатының бүгінгі заманмен үндестігі айтылды» деді Өмірбай Жолдыбекұлы.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button