ҚР Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде «Қазақстан Республикасының конституциялық‑құқықтық жүйесін жаңғырту» тақырыбында жаңа Конституцияны қабылдауға арналған алдағы Республикалық референдумға орай Дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс‑шараға Германия мемлекеттік органдарының өкілдері, неміс сарапшылары, сондай‑ақ ГФР‑дың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов геосаяси трансформациялар жағдайында Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын, оның негізгі элементі Конституциялық реформа болып табылатынын атап өтті. Дипломат жаңа Конституция жобасы елдің әлеуетін нығайтуға, мемлекеттік тұрақтылықты арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңірек қорғауды қамтамасыз етуге деген ұмтылысты көрсететінін айтты.
Негізгі баяндамамен Германияның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Тило Клиннер сөз сөйледі. Ол жаңа Конституция жобасы билік тармақтарының теңгерімін қамтамасыз етуге, парламенттік тетіктерді күшейтуге және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Diplo.news» бас редакторы Гудрун Дометайт Конституция жобасын ашық қоғамдық талқылаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мемлекеттік құрылымды реформалау үдерісіне қоғамды кеңінен тарту және ашықтық деңгейін көрсетіп отырғанын айтты. Сондай‑ақ ол құрылып жатқан жаңа «Халық кеңесі» институтының міндеттері мен болашақ Құрылтайдың өкілеттіктері туралы сұрады.
Талқылауға Германия Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы Статс‑хатшысы, Елші Ханс‑Фридрих фон Плётц те қатысты. Ол 2022 жылғы реформалар неғұрлым теңгерімді саяси жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғанын, ал жаңа Конституция осы бағытты қисынды түрде жалғастырып отырғанын атап өтті. Сондай‑ақ ол Қазақстанның жаңа жаһандық сын‑қатерлерге бейімделуге ұмтылып, сонымен бірге тұрақтылық пен сабақтастықты сақтап отырғанын айтты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар алдағы референдум Қазақстанның саяси дамуының маңызды кезеңі болып, демократиялық институттарды нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және елдің одан әрі прогрессивті дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
Жалпы, қатысушылар Қазақстанның жаңа геосаяси жағдайдағы ел тәуелсіздігін нығайту мен дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.



