Елорда тынысы

Әуесқой хоккейшілер арасында ASTANA ICE CUP турнирі өтті

Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында және «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасын қолдау мақсатында әуесқой хоккейшілер арасында ASTANA ICE CUP турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жарыс №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мұз айдынында болды. Турнир 3х3 форматында өтіп, оған 8 әуесқой команда қатысты.

Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға үлес қосу, сонымен қатар спорт арқылы зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру.

«Бүгінгі турнир Астана қаласының Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті. Іс-шараны №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және қалалық әуесқой хоккей лигасымен бірлесіп ұйымдастырдық. Ойындар тартысты және қызықты болды, қатысушылар да, көрермендер де риза. 3х3 форматы – жылдам әрі динамикалы, сондықтан бұл тәжірибе спортшыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Біз «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында осындай турнирлерді қолдауды жалғастырамыз. Хоккейді сүйіп, спортпен шұғылданыңыздар», – деді Астана қалалық әуесқой хоккей лигасының жарыстарды ұйымдастыру жетекшісі Абай Макушкин.

«Алпамыс» командасының орталық шабуылшысы Илья Литинцев өз әсерін былайша жеткізді:
«Жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлық процесс жүйелі: мұз айдынының сапасы, ойын кестесі, төрешілік – бәрі көңілден шықты. Осындай жағдай спортшыларға барын салуға мүмкіндік береді.

Әсіресе ұйымдастырушыларға және әкімдікке алғысым шексіз. Атмосфера керемет болды», – деді ол.

Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button