Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасенов пен Астрахан облысының Сыртқы байланыстар министрі Владимир Головковтың кездесуі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тараптар Қазақстан өңірлері мен Астрахан облысы арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Астрахан облысының Атырау және Маңғыстау облыстарымен ынтымақтастық жоспарларының іске асырылу барысы қаралды.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазіргі таңда Астрахан облысының жоғары және орта кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша оқу орындарында Қазақстан Республикасынан келген 442 студент білім алуда.
Кездесу барысында Бас консул ресейлік тарапты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы, сондай-ақ олардың логикалық жалғасы болып табылатын Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістер жөнінде хабардар етті.
Ресейлік тарап конституциялық реформалардың мәні мен мақсаттары туралы жан-жақты ақпарат алды. Аталған реформалар саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, Парламенттің рөлін күшейтуге, «Қазақстанның Халық Кеңесі» атты жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңын құруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Вице-Президенті институтын енгізуге бағытталған.
Жүргізіліп жатқан өзгерістер тұрақты әрі әртараптандырылған экономиканы қалыптастыруға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және билік институттарына деген қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Жаңа Конституцияны қабылдау туралы түпкілікті шешім алдағы 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданатыны хабарланды.
Кездесу қорытындысы бойынша алдағы сапарлардың кестесі нақтыланды. Жақын жоспарларда — сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкиннің Атырау облысына ресми сапарын ұйымдастыру көзделіп отыр.



