Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Банктерге пайызсыз ұсыныс

Бізде көп нәрсе өз орнымен, өз шекарасымен дамымай, бірде тең, бірде қатар тұрып, бір сала екінші саланы «жол-жөнекей» қосып ала беретін әдет бар ғой. Соның айқын мысалы – елдегі банк жүйесі. Бір қарасаң цифрландыру бар, жылдамдық бар, қызмет ыңғайлы сияқты. Енді бір қарасаң банк банк болып қалғаны да дұрыс пе еді деп ойланасың.

Жалпы банк дегеніміз депозит қабылдайтын, несие беретін, төлем жүргізетін, есеп айырысуды қамтамасыз ететін қаржы институты емес пе?! Оның қызметін, әлбетте, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі реттейді, ал басты міндеті – қаржы тұрақтылығын сақтау. Яғни банк дүкен емес, мемлекеттік орган емес, анықтама тарататын орталық та емес. Алайда біздің банктер осының бәрімен тең болмаса да қатар жүреді. Өйткені Қазақстан банктері классикалық қаржы институтынан гөрі кең ауқымды цифрлық экожүйеге айналып кеткен. Бүгінде Kaspi Bank, Halyk Bank, Jusan Bank (Алатау), Freedom Bank Kazakhstan және Банк ЦентрКредит қосымшалары арқылы тек ақша аударып, депозит ашып қана қоймайсың, айып­пұл төлейсің, мемлекеттік баж салығын өтейсің, анықтама аласың, әлеуметтік төлем рәсімдейсің, маркетплейс­ке кіріп тауар сатып аласың. Яғни бір қосымша – әрі банк, әрі дүкен, әрі мемлекеттік сервис орталығы. Бұрын мұндай қызметтердің негізгі бөлігі электрондық үкімет порталы арқылы көрсетілетін. Қазір банктер сол функциялардың бір бөлігін өз платформасына кіріктіріп алды. Бір жағынан бұл уақытты үнемдеуге ыңғайлы, бәрі бір жерден болған соң қолдануға қолайлы. Бірақ бұл дұрыс па? Егер осындай болып жалғаса берсе, мемлекеттік функция қайда қалады, коммерциялық мүдде ше? Сырттай бақылап қарасаңыз, тіпті банктердің өзі бір-бірін сатып алып, нарықта ірілену процесі жүріп жатыр. QR-код жүйелері де бірігіп келеді. Мысалы, Jusan қосымшасында «Kaspi QR» деп жазулы тұр, қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, кеше ғана тең бәсекелес болған жүйелер бүгін қатар тұрып қызмет ­көрсетеді.

Егер банктер онсыз да мемлекеттік қызметтің жартысын «арқалап» жүрсе, онда неге толық цифрлық мемлекеттік серіктеске айналмасқа? Мысалы, банк қосымшаларына «Салық декларация­сы» модулін енгізуге болады. Азамат табысын банк арқылы алады, төлемін банк арқылы жасайды, демек акция­лары болсын, облигациялары болсын, басқа да кәсіппен айналысса, қаржы айналымы көрініп тұр. Ендеше жеке табыс салығын (Individual Income Tax) автоматты түрде есептеп берсін. Қарапайым халық: «Төлейтінім 10 пайыз ба, 5 па­йыз ба?» деп салық кодексін оқып, әуреге түспей-ақ қойсын. Жүйе кіріс пен шығыс­ты талдап, төленуге тиіс соманы көрсетсін де: «Міне, сіздің есептелген салығыңыз. Төлеу батырмасын басасыз ба?» десін – болды. Егер азаматтың банкте көрінбейтін қосымша мүлкі, активі болса, оны өзі енгізсін. Қалғанын алгоритм есептесін. Бұл салықтық әкімшілендіруді жеңілдетер еді, есеп қателігін азайтар еді, көлеңкелі айналымды қысқартуға ықпал етер еді. Әрине, бұл жерде дербес деректерді қорғау, банк құпиясы, ақпарат қауіпсіздігі мәселесі бірінші орынға шы­ғатыны анық. Бірақ техникалық мүмкіндік бар болса, неге оны тиімді пайдаланбасқа?

Сол сияқты мемлекет­тік сатып алу жүйесін банктік экожүйеге кіріктірсе құба-құп болар еді. Мысалы, «Kaspi Tender», «Halyk Tender» немесе басқа да банктік тендер модульдері іске қосылса деп ойлаймын. Яғни кәсіпкер банк қосымшасына кіріп, сол жерден мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінім берсін. Оның қаржы тарихы банк жү­йесінде бар, төлем қабілеті көрініп тұр, кепілдік сомасы автоматты түрде бұғаттала алады. Қосымша құжат жинап, оны басқа жаққа жүктеп әуреге түсіп, әр есікті аңдымайды сонда. Бұл шағын және орта бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетуі мүмкін еді. Әрине, мұнда да маңызды шекара бар. Мемлекеттік сатып алу – мемлекеттің тікелей функциясы, ал банк – коммерциялық ұйым. Егер бұл екі бағыт тоғысса, онда заңнама негізі, монополия­ға қарсы реттеу, киберқауіпсіздік және қоғамдық бақылау тетіктері өте қатаң болуы керек.

Мұнда халыққа қолайсыз тағы бір мәселе бар. Ол – үкіметтік банктердің жоғы, бәрінің жекеменшікте болғаны. Яғни нарық толық бәсекелі емес. Оның үстіне елде ұзақмерзімді арзан қаржы көздері дамымаған – инвестиция қорлары әлсіз, капитал нарығы шектеулі. Осындай жағдайда коммерциялық банктер экономиканың емес, ең алдымен өздерінің тұрақты табысының логикасымен әрекет етеді. Бұл – табиғи нәрсе, өйткені олар – пайда табуға ғана бағытталған ұйым­дар. Сондықтан елде бір мемлекеттік банк құрылса, мұның өзі халыққа үлкен демеу болар еді. Коммерция­лық банк табыс әкелетін клиент­ті қаржыландырады, ал тәуекелі жоғары, қайтарымы ұзақ экономикаға байланған жобалар көбіне назардан тыс қалады. Қысқасы, қазіргі жағдайда несие пайызының жоғары болуы – жеке банктердің шешімі емес, бүкіл қаржы жүйесінің құрылымынан туындайтын мәселе. Мұндай жүйеде тек нарыққа сүйену жеткіліксіз. Экономиканың нақты секторын дамыту үшін мемлекеттік банктердің болуы қажеттілікке айналып отыр.

Шапағат ӘБДІР 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button