ӘлеуметБасты ақпаратИмантаразы

Ораза – жүрек амалы

Ораза – ең алдымен, жүректің амалы. Ол – жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге бағытталған ұлы құлшылық. Оразаның шынайы рухын түсінген адам ас пен судан тыйылуды басты мақсат етпейді. Ауыз бекітудегі негізгі мақсат – жүректі Аллаға жақындатып, ой мен жүректі түрлі дерттен тазалау, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру. Сондықтан оразаны саналы түрде жүрекпен ұстап, оның рухани мәніне терең үңілген абзал. Сонда ғана ораза адамды рухани кемелдікке бастайтын шынайы жүрек амалына айналады.

Ғалымдарымыз жүректі патшаға, ал дене мүшелерін оның әскеріне теңеген. Егер патша түзелсе, оның әскерлері де түзеледі. Ал патша бұзылса, әскер де бұзылады. Жүрек адам ағзасындағы басты рухани орталық болғандықтан, ол Алладан басқа нәрсеге байланса, адам сол нәрсенің құлына айналады. Адамның иманы көп құлшылық жасауымен өлшенбейді. Тақуалық – жүректің тазалығында. Жүрек таза болса, адамның ғұмыры да, амалы да көркем болады. Расында, кез келген амалдың қабыл болуы оның көптігіне емес, жүректегі ықыластың шынайылығына байланысты қабыл болады.

Алла Тағала есеп күнінде Өзінің құзырына сау жүрекпен келген пенделер ғана құтылатынын айтқан. Бұл туралы қасиетті Құранда былай делінген: «Ол күні (Қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни (рухани кеселдерден арылып) сау жүрекпен келген жан ғана азаптан құтылып, мұратына жетеді» («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар). Аятта айтылған «сау жүрек» сөзінің мағынасы жайында тәпсірші ғалымдарымыз надандықтан, жаман мінезден аулақ болған, соқыр наным-сенімнен, теріс іс-әрекеттерден және дүниеқұмарлықтан арылған жүректі «сау жүрек» деп түсіндірген.

Хакім Абай бір өлеңінде:

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес» деп жыр­лайды. Ойшыл Абай он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өз өнерлері жайлы айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінгенін жазады. Сонда жүрек айтыпты: «Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?». Сонда ғылым бәрін де жүрекке билет деп ұқтырып: «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрда­йым қарайды деп кітаптың айтқа­ны осы» депті.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың назары жүректе болатынын баяндап: «Расында, Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүние­леріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен амалдарыңа назар аударады» деген. Шын мәнінде, оразаның шынайы сауабы – аштықта емес, тақуалықта. Ал тақуалықтың негізгі орны – жүректе. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тақуалық мына жерде болады» деп көкірегін үш мәрте нұсқап, адамның тақуалығы жүрегінде болатынын айтқан.

Адамның табиғатында, яғни әу бастағы жаратылу болмысында оның жүрегі сау болады және ізгі амалдар, құлшылық жасау арқылы өзінің сау күйін сақтайды. Ал егер пенде күнәлі іс жасаса, оның жүрегі дертті халге душар болады. Кейін рухы сөнеді. Міне, осы себепті де мұсылман адам өзінің жүрегіне әрдайым назар салып, ондағы дертті белгілі амалдар арқылы тазартып отыруы тиіс. Өйт­кені адамның жүрегі дұрыс болса, бүкіл амалдары дұрыс болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Расында, адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, адамның бүкіл денесі дұрыс болады. Егер ол бұзылса, барлық денесі бұзылады. Ол кесек ет жүрек емес пе?» деген.

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы бір өлеңінде:

«Тәңір жолы – ақ жүрек,

Сайтан деген – қиянат.

Ақ жүректі ертерек,

Ескер-дағы, қыл әдет» деп жырлайды. Демек ізгі амалдар, көркем мінез, тақуалық сынды өзге де асыл қасиеттердің бойымыздан табылуы ең алдымен жүрегіміздің дұрыс болуымен тікелей байланысты. Лұқман хакім ұлына: «Әй, балам! Дүние түбі көрінбейтін дария іспетті. Парасаттылыққа жетпеген көптеген ғалымдар мен өзге де адамдар сол дарияға батып кетті. Сенің бұл дариядағы жүзуші кемең қанағат етуші жүрек пен Алла Тағалаға деген иманың болсын. Кемеңнің керек-жарағы етіп тақуалық пен құлшылықты ал. Желкені тәуекел болсын. Түпсіз дарияға батудан осылай ғана аман қалуың мүмкін» деп өсиет етіпті.

Исламдағы кез келген құлшылық адамның сыртқы іс әрекетіне ғана емес, ішкі рухани әлеміне де тікелей әсер етеді. Сол құлшылықтардың ішіндегі ең терең мағынаға ие әрі жүрекпен орындалатын амалдың бірі – ораза ұстау. Көп жағдайда ораза аш жүру, ішіп жеуден тыйылу ретінде ғана қабылданады. Шын мәнінде, ораза – жүректің амалы, рухтың тәрбиесі, ішкі дүниенің тазаруына бастайтын құлшылық. Сондықтан ғұламалар оразаны «тәнге емес, жүрекке бағытталған құлшылық» деп бағалаған.

Оразаның басқа парыз амалдардан ерекшелігі – көбіне сырт көзге көрінбеуінде. Намаз, зекет, қажылық сияқты құлшылықтар белгілі бір дәрежеде адамдарға байқалады. Ал оразаны адамның шын ұстап-ұстамағанын Алладан басқа ешкім нақ­ты біле алмайды. Осы себепті ораза – ықыласқа, шынайылыққа негізделген құлшылық. Қасиетті құдси хадис­те Алла Тағала: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін. Ал ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» дейді. Бұл құдси хадис оразаның жүрекке қатысты, оның ең бас­ты шарты ниеттің тазалығы екенін білдіреді. Ниетсіз, тек әдет үшін немесе адамдар көрсін деп ұсталған оразаның рухани салмағы мен са­уабы жойылады. Осы құдси хадиске түсіндірме жазған имам ән-Нәуәуи: «Ораза басқа құлшылықтар секілді сыртқы қимыл емес. Ол – тыйылу. Ал тыйылу тек Алла үшін ғана жасалады» деген. Намаз бен зекеттің белгілі бір сауаптары жайлы көптеген хадис бар. Ал ораза нәпсіге қарсы ізгі амал әрі Аллаға ең ұнамды құлшылық болғандықтан, оның сауабында шек жоқ. Өйткені ораза шайтанның жолдарын тарылтады, нәпсінің үстемдігін сындырады, күллі жамандыққа қалқан (қорған) болады. Сондықтан ол құлшылықтың төресі саналады.

Рақым айының тағы бір маңыз­ды қыры – жүректі жұмсартуында. Аштық адамды тәкаппарлықтан сақтап, кішіпейілділікке тәрбиелейді. Сонымен қатар ораза кедей-­кепшіктің жағдайын түсінуге, мейі­рім мен жанашырлықты арттыруға себеп болады. Бұл сезімдердің барлығы – жүрекке тән қасиеттер. Ғалымдар оразаның негізгі мақсаты тек ас-судан тыйылу емес, жүректі Алладан басқа нәрселерден босату екенін айтқан. Демек ораза – жүректі дүниеге байланудан арылтып, ру­хани биіктікке көтеретін амал.

Шынайы ұсталған оразаның нә­тижесі адам мінезінен де көрінеді. Сабырлы, жұмсақ, кешірімді болу, ашуға берілмеу, өзгенің айыбын кешіру сынды қасиеттер – оразаның жүрекке берген тәрбиесінің жемісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған үмбетіне: «Егер біреу сені балағаттаса немесе ұрысса: «Мен оразамын» деп айт» деп үйреткен. Бұл – жүректі жаман әрекеттен қорғаудың, нәпсіні жағымсыз істерден тыюдың көркем үлгісі. Алла Тағала баршамыз­ды қасиетті Рамазан айына аман-­есен жеткізіп, оразаны лайықты түрде ұстауды нәсіп еткей. Әумин!

 Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button