«Заң мен тәртіп»: Астанада алаяқтардың айла-шарғысы түсіндірілді

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысының орынбасары Айсұлу Жалғасова №26 «Үміт» балабақшасында мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру кездесу өткізді, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Іс-шара халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ата-аналардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге балабақшаның ата-аналары қатысып, қаржылық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
«Бұл іс-шара барысында тек ата-аналар ғана емес, балабақша қызметкерлері де мол мағлұмат алды. Кездесу бізге қаржылық қауіпсіздік пен алаяқтық схемалардың алдын алу жолдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Әр адамға жеке деректерін қорғауға ерекше мән беруге кеңес беремін. Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жиі ұйымдастырылса, адамдардың алаяқтарға алдану жағдайлары айтарлықтай азаяды деп ойлаймын», — деді №26 «Үміт» балабақшасын әдіскері Салтанат Ибадуллақызы.
Кездесу барысында Экономикалық тергеулер департаментінің өкілдері қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын түсіндіріп, күнделікті өмірде жиі кездесетін нақты мысалдарды келтірді.
Атап айтқанда, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, азаматтарды түрлі заңсыз схемаларға тарту әдістері жан-жақты баяндалды.
Сонымен қатар мамандар қаржы пирамидаларының негізгі белгілеріне тоқталып, олардың қалай жұмыс істейтіні және мұндай ұйымдардың құрбанына айналмау үшін нені ескеру қажеттігін түсіндірді. Қатысушыларға күмәнді қаржылық ұсыныстарға сын көзбен қарау, жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін қорғау жөнінде нақты кеңестер берілді.



