«Бұрқасын–2026» қысқы фестивалі өтеді

Астанада биыл 25 жылдығын атап өтетін дәстүрлі «Бұрқасын–2026» қысқы фестивалі ұйымдастырылады. Іс-шара 14 ақпанда Есіл өзенінің жағалауындағы Орталық саябақта, Кенесары хан ескерткіші маңында өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестиваль белсенді демалысқа, спорттық жарыстар мен жарқын эмоцияларға толы үлкен алаңға айналмақ. Шараның басты мақсаты — бұқаралық спортты дамыту, қысқы спорт түрлерін насихаттау және салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтарды біріктіру.
Бағдарлама аясында спорттың 13 түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда: шаңғы жарысы, гір спорты, қол күрестіру, пимамен хоккей, белбеу күресі, мотокросс, автоспорт, арқан тарту, қысқы шағын футбол, қар лақтыру сайысы, қысқы волейбол, мас-рестлинг және көңілді тюбинг жарыстары.
Фестивальге қатысушылар өз мүмкіндіктерін сынап, жақсы көңіл күй сыйлайтын бәсекелерге қатысып, бағалы сыйлықтар үшін бақ сынай алады.
Қатысушыларды тіркеу 08:30–10:00 аралығында жүргізіледі, жарыстар сағат 10:00-де басталады.
Қатысу — тегін.



