Басты ақпарат

Тарих пен тағылым тоғысқан ғимарат

Астанадағы қасиетті қара шаңырақ, жеке тұлғаға арналған алғашқы рухани-­мәдени орталық – С.Сейфуллин музейі тек құнды жәдігерлерімен ғана емес, ғимаратының терең тарихымен де ерекшеленеді. Биыл музей ғимаратының салынғанына 180 жыл толып отыр. ХIХ ғасырдың сәулет және тарихи ескерткіші саналатын бұл қос ғимарат – ел тарихының бірнеше кезеңінен сыр шертетін бірегей нысан.

Музей орналасқан негізгі ғимарат 1846 жылы Самара қаласынан келген көпес Казанцевтің бастамасымен салынған. Ол кезде біреуі тұрғын үй, екінші ғимарат кеңсе ретінде пайдалануға арналып салынады. Кеңсе ғимаратына былғары, жүн секілді шикізат түрлері қабылданып, жертөледе сақталып, кейін Ресейге жөнелтіліп отырған. Ғимараттың берік әрі орнықты етіп салынуы оны жасаған шеберлердің кәсіби деңгейін көрсетеді. Соның нәтижесінде бұл нысан бір жарым ғасырға жуық уақыт бойы әртүрлі мақсатта пайдаланылып келеді. Ғимарат ағаштан салынғанымен, биік іргетасы оның шіруі мен бүлінуіне жол бермей, бүгінге дейін сақталған. Әкімшілік мақсатқа лайықтап жобаланған бөлмелер жүйесі, сәндік әрі жылу сақтау­ға арналған шатыр, ойылып өрнектелген терезе жақтаулары – сол дәуір сәулет өнерінің айқын белгілері. Ғимараттың жалпы биіктігі – 10 метр. ХХ ғасырдың 20-жылдары бұл ғимаратта Ақмола уездік атқару комитетінің кабинеттері орналасқан. Дәл осы жерде Сәкен Сейфуллин мемлекеттік қызмет атқарып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан. Сондықтан бұл ғимарат – қоғам және мемлекет қайраткерінің өмір жолымен тікелей байланысты тарихи орын.

Музей кешеніндегі екінші ғимарат – музейдің әкімшілік ғимарат үйі. Бұл үйде бір кездері Сәкен Сейфуллиннің жақын досы, белгілі дәрігер Федор Благовещенский (1881-1938 жж.) тұрған. Ол медицина саласында 37 жыл еңбек етіп, терапиямен қатар офтальмология, акушерлік-гинекология, хирургия, туберкулезді емдеу бағыттарында мол тәжірибе жинақтаған. Жергілікті және көпұлтты халық арасында жо­ғары беделге ие болған дәрігер кейінгі жылдары ел ағарту ісіне де үлес қосқан. Бұл ғимарат бір кезеңде бухгалтерлік мектеп ретінде де қызмет атқарған.

Әкімшілік үй кесілген ағаш­тан салынған, темір шатырмен жабылған. Терезе жабулары жұлдызша, ромб пішінді ­геометриялық өрнектермен әшекейленген. Дәліздік жүйе­мен жобаланған ғимараттың сәулеттік келбетінен орыс, батыс, еуропа және неміс сәулет өнерінің элементтерін байқауға болады. Көркемдігімен ерекшеленетін нысан бүгінде мемлекет қорғауына алын­ған. Дәл осы жерде ХХ ғасырдың 20-жылдары ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданып, қазақ мемлекеттігінің жаңа кезеңі қалыптасты. Сондықтан бұл ғимарат тек архитектуралық ескерткіш қана емес, ұлт тарихының тірі куәгері саналады. Ғасырлар бойы сақталған мұндай тарихи ғимараттар Астананың өткенін танып-білуге, жас ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыру­ға қызмет етеді. Астанадағы С.Сейфуллин музейі және оған ұқсас көне ғимараттар, көне нысандар – елорданың рухани өзегін айқындайтын мәдени мұра. Ғасырлар қойнауынан жеткен ғимарат пен ұлт рухын асқақтатқан тұлғаның мұрасы – келер ұрпақ үшін баға жетпес қазына.

Гүлназия ИБРАЕВА,

Астана қаласы Бірлескен музейлер
дирекциясы С.Сейфуллин құрылымдық бөлімшесі ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми
қызметкері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button