Өте күрделі әрі жауапкершілігі жоғары құжат

Жаңа Конституция жобасы – өте күрделі әрі жауапкершілігі жоғары құжат. Бұл жай ғана талқылауға арналған тақырып емес, бұл – елдің болашағына, басқару жүйесіне, азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне тікелей әсер ететін негізгі заң.
Соңғы уақытта Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, талқылауға қатысып жүрген азаматтар көп. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты жағдай. Алайда әрбір айтылған сөздің, жарияланған пікірдің салмағы мен жауапкершілігі бар екенін естен шығармауымыз керек. Конституция туралы үстірт, эмоцияға беріліп немесе популистік ұрандармен сөйлеу – қауіпті үрдіс.
Патриотизмді тек жалау етіп, жауапсыз мәлімдеме жасау – нағыз отансүйгіштік емес. Конституция – белгілі бір топтың немесе жеке адамның мүддесіне қызмет ететін құжат емес. Ол – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі, мемлекеттің іргетасы.
Иә, елімізде 20 миллион халық бар, және барлығының пікірі бірдей болуы мүмкін емес. Бұл – заңдылық. Бірақ бір нәрсені нақты түсінуіміз керек: ұсынылып отырған Конституция жобасы кәсіби мамандардың, заңгерлердің, сарапшылардың қатысуымен әзірленіп, кең ауқымды қоғамдық талқылаулардан өтті.
Сондықтан пікір білдіргенде «маған не береді?» деген жеке мүдде тұрғысынан емес, елдің ертеңі, мемлекеттің тұрақтылығы, ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғысынан ойлауымыз қажет.
Конституция – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың заңы.
Жауапкершілікпен сөйлейік. Салмақпен талқылайық. Ел тағдырына бейжай қарамайық.
Назгүл Мақжан,
Астана қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі



