Мемлекеттің зайырлы сипатын сақтауға мүмкіндік береді

Мемлекеттің зайырлы қағидатын сақтауда дінді мемлекеттен бөлу – қоғамдағы тұрақтылық пен теңдіктің маңызды кепілі деп санаймын.
Әрбір адамның діни сенім бостандығы құрметтелуі тиіс, алайда ол қоғамдық тәртіпке, қауіпсіздікке және өзге азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмеуі қажет.
Діни қызметті заң аясында реттеу ар-ождан бостандығын шектеу емес, керісінше, қоғамдық мүддені қорғауға және барша азаматтардың бейбіт әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Мұндай ұстаным қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтып, мемлекеттің зайырлы сипатын сақтауға мүмкіндік береді.
Мен, қалалық мәслихат депутаты ретінде, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия ұсынған жаңа Конституция жобасын қолдаймын. Жоба азаматтардың, саяси партиялардың, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары негізінде дайындалды.
Ол адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, білім, ғылым, мәдениет пен инновацияларды дамытуға бағытталған. Жоба аясында Вице-Президент институты енгізіліп, парламенттің жаңа құрылымы — Курултай бекітілді.
Конституция жобасын талқылау ашық түрде — e-Otinish және eGov порталдарында жүргізіледі, ал соңғы шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Мен депутат ретінде қоғамның белсенді қатысуын қолдаймын және бұл құжат еліміздің болашағына үлкен үлес қосатынына сенімдімін.
Бахаргүл Төлеген,
Астана қаласы мәслихатының депутаты



