Білім

Оқушының зейіні мен бейімі

Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom school мектеп-лицейінде «PBL&AI: оқу сауаттылығының жаңа траекториясы» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген педагогтар, әдіскерлер, білім саласының сарапшылары қатысты.

Конференция аясында «Қалдықтан – құндылыққа: PBL, STEAM, AI» атты шығармашылық көрме ұйымдастырылып, онда оқушылардың жобалары қойылып, экологиялық ойлау мен технологиялық шешімдердің нақты нәтижелері көрсетілді. Ал спорт залында өткен «Binom MODX: эко-сәннің жаңа форматы» көрсетілімі көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырды. Негізгі бөлім «PBL&AI: білім мен тәжірибе тоғысында» атты пленарлық сессиямен басталды. Жиынды Binom school директоры Сәтжан Омаров жүргізді. Сессия барысында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Асыл Түймебаев, BI Education өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен тәжірибелі мектеп педагогтары сөз алып, жасанды интеллект дәуіріндегі функционалдық сауаттылықтың мәні мен жобалық оқытудың әлеуеті туралы ойларымен бөлісті.

– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы білім беру жүйесінің мазмұны мен оқыту тәсілдерін түбегейлі өзгертіп отыр. Президентіміздің 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы – соның айқын дәлелі. Қазіргі таңда жасанды интеллект дәуірінде ақпарат табу қиын емес, басты мәселе – тұтынушының сол ақпаратты қалай және қандай мақсатта пайдаланатынында. Сондықтан негізгі міндет – дұрыс ойлай алатын, ақпаратты саралап, тиімді қолдана білетін оқушы қалыптастыру. Жасанды интеллектіні дұрыс әрі орынды пайдалану оқу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын қолдануға тыйым салынбаған. Алайда оны педагогикалық мақсатта пайдалану кезінде білім алушылардың жас ерекшелігі мен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ оқу процесінде жасанды интеллектіні қолдану барысын бақылау тетіктері енгізілген. Мәселен, білім басқармаларында жасанды интеллектіні пайдалану ережелерінің сақталуын қадағалайтын жауапты мамандар бекітілген, арнайы әдістемелік бөлімшелер құрылды. Әрбір педагогтың жауапкершілігінде оқушылардың тапсырмаларды өз бетінше орындауын бақылау, орындалған жұмысты қорғау, ауызша түсіндіру, оқу процесін бақылау және нәтижеге қарай бағалау секілді маңызды міндеттер тұр, – деді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Асыл Түймебаев.

Спикерлер жасанды интеллект – мұғалімді алмастыратын құрал емес, керісіншеғ педагогтың әдістемелік мүмкіндігін кеңейтетін серіктес екеніне баса назар аударды. Әсіресе «ЖИцифрлық әдіскер» және «Жасанды интеллектоқу үдерісінің айнасы», «Жасанды интеллект дидактикасы: заманауи білім беру моделі» сынды түрлі тақырыпта жасалған баяндамаларда жасанды интеллект дәуірінің жаңа қадамы айқындалғандай болды.

Іс-шара барысында мектеп кабинеттерінде бір мезетте ондаған секция жұмыс істеді. Мұнда аймақтардан келген мұғалімдер PBL мен AI-ды қазақ тілі, жаратылыстану, STEM, театр, бағалау жүйесі, ата-анамен байланыс секілді әртүрлі бағытта қалай тиімді қолдануға болатынын талқылады. Конференция «Жырмен жазылған тағдыр» атты шығармашылық кешпен қорытындыланды. Онда Қадыр Мырза Әлі шығармашылығы арқылы ұлттық құндылық, сөз құдіреті мен қазіргі білім мазмұнының байланысы ретінде сахналық көріністер мен музыкалық қойылымдар ұсынылды.

Шапағат ӘБДІР

фото: Сұлтан СЕЙІТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button